Қазақстанда «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы былтырдан бері мектеп бағдарламасына енгізілген. Бағдарламаның мақсаты жайлы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев айтып берді, деп хабарлайды kaskelen.kz порталы.
«Жастарды рухани-адамгершілікке тәрбиелеу мемлекет пен жалпы қоғамды дамытудың басым бағыты. Былтырдан бастап барлық білім беру ұйымдарында «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы енгізіле бастағаны белгілі. Биыл наурызда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы белгілеп берген міндеттерге сәйкес аталған бағдарлама жаңартылды», – деді Ғани Бейсембаев Үкімет отырысында.
Министрдің мәлімдеуінше, жаңартылған бағдарлама «Әділетті Қазақстан – жауапты азамат – прогрессивті ұлт» триадасы шеңберінде адамгершілігі жоғары, адал және табысты тұлғаны тәрбиелеуге бағытталған.
«Жаңартылған бағдарлама шеңберінде оң құндылықтар мен сапалы құзыреттерді қалыптастыруға бағытталған білім беру және тәрбие жобаларын, әлеуметтік практикаларды іске асыру жұмыстары жалғасады», – дейді ведомство басшысы.
Еске сала кетейік, 2022 жылы Қазақстанда білім беру ұйымдарындағы біртұтас тәрбие беру тұжырымдамасы әзірленетіні белгілі болды.