Танымал сазгер Қалдыбек Құрманәлі қазақ эстрадасында жүрген жас әншілер туралы айтты. Жол ережесін бұзған Төреғали Төреәлі мен “Құрмет” орденін алып, сынға қалған Әли Оқаповқа ерекше тоқтала кетті, деп хабарлайды kaskelen.kz порталы “Сұрауы бар” бағдарламасына сілтеме жасап.
Композитор қоғамда болып жатқан мәселелерге бей-жай қарай алмай, өткір пікір білдіріп отыратын болған.
“Алдымен Төреғали туралы айтайын. Оның әрекеті шоуға көбірек келетін сияқты. Әдейі ұйымдастырылып қойған ба, түсінбей қалдық. Өткенде бір демалыс аймағына барып, бір баланы ұрғаны туралы да шу шықты. Шоу сияқты көрініп қалғанға ұқсайды. Одан кейін көше сыпырып жүрді. Оны да түсінбедім. Көзбен көрмегесін бірдеңе деп айта алмайсың. Қызықтап сұраған да жоқпын. Маған керек емес шаруа. Төреғалидікі “халық ұмытпасын, тойға шақыра берсе екен” деп жүрген адамның тірлігі сияқты көрінеді”, – дейді сазгер.
Сонымен қатар, атақ алып басы дауға қалған Әли туралы да айтты.
“Енді Роза Рымбаеваның баласы туралы айтайын. Ол таза кәсіби музыкант. Жастар арасында беделі күшті жігіт. “Құрмет” орденінен гөрі “Еңбек сіңірген қайраткерге” лайық адам. Туғаннан бастап, музыкамен ғана айналысып келе жатыр. Қай жерде музыкалық білім бар, бәрін оқып тауысқан адам. Өнердің майын ішкен. Бір ғана кемшілігі – Тасқын Оқапов пен Роза Рымбаеваның баласы. Атақты адамның баласы болу –ең қиыны. Атақты адам болып жүрген оңай. Әлидің анасы “Халық әртісі” атағын 29 жасында алған. Өнер адамы ретінде айтарым, Әли кәсіби музыкант. Оған атақтың да керегі жоқ. Билік ұсынды, ол бас тартқан жоқ. Оның түбіне жеткен – қазақтың көреалмаушылығы”, – дейді композитор.