Қарасай ауданындағы Жандосов атындағы орта мектепте бастауыш сынып оқушыларына тегін түскі асқа жарамдылық мерзімі 2 жыл бұрын өтіп кеткен йогурт берген. Бұл туралы kaskelenkz Instagram желісіне оқырмандар хат жазып, шағым түсірді, деп жазады kaskelen.kz тілшісі.
Әлеуметтік желіде оқырмандар балаларға тегін ыстық тамақтан бөлек, 2021 жылы жарамдылық мерзімі өтіп кеткен “Растишка” йогурты берілді деген ақпаратпен бөлісті.
“Мен қатты шошып кеттім, бүгін балам мектепте жарамдылығы өткен йогурт жеген. Қалғанын үйге әкелді. Балаларға мерзімі өтіп кеткен тамақты қалай беруге болады, бала уланса, кім жауап береді”, “Бұл өнімді кім сатып алды? Жарамсыз тамақ бергенше, мүлдем тамақтандырмаған дұрыс”, – деп жазды ашуланған ата-аналар.
Мектеп басшылығы өнім жеткізушіні өзгерту және келісім-шартты бұзу туралы шешім қабылданғанын, іс сотқа жіберілетінін хабарлады. Жеткізушінің өзі көтерме базардан өнім алған кезде жарамдылығы өтіп кеткен өнімдерді байқамай қалғанын айтты.
“Бүгін мектеп директоры Жұлдыз Молдағалиқызы жеткізушіні ауыстыру туралы шешім қабылдады. Бұл жеткізушісімен арадағы келісімшарт бұзылып, іс сотқа жолданады”, – делінген хабарламада.
Алматы облыстық қауіпсіздік департаменті орта мектеп асханасын тексеруге жұмыс тобын жібергенін атап өтті. Тексеру қорытындысы бойынша азық-түлік сапасының мониторингі жасалды.
Тек йогурт емес, “Айналайын” сүт өнімінің де жарамдылық мерзімі өтіп кеткен.