Қаңғыбас иттер қарасайлықтардың құтын қашырғалы біраз болды. Қалада иесіз иттердің топтасып жүруі тұрғылықты халық үшін қауіп төндіріп отыр. Иттерге қатысты мәселені тұрғындар әлеуметтік желілерге жүктеп, тиісті шараларды қолдану керектігін айтып, тұрғындар дабыл қағуда. Өз кезегінде kaskelen.kz тілшісі осы сұраққа қатысты Алматы облысы ветеринария басқармасына сауал жолдады.
Тұрғындардың айтуынша, кезбе иттер көбіне осындай азық іздеп, күл-қоқыстың арасында жүреді. Сондай-ақ, адамдар көп шоғырланатын жерге әуес келеді екен. Таңертеңгілік оларды аялдамада да көптеп кездестіруге болады. Жергілікті тұрғындар балаларының өміріне қауіптенеді. Өйткені, топ-тобымен жүрген иттер балаларға шабуыл жасауы мүмкін.
Көше кезген үй жануарларының мәселесі бүгінде шешімін таппай тұр. Оларға арналған уақытша ұстау изоляторлары салынғанымен, бұларды асырап алуға бірде-бір жан құлық танытар емес. Тіпті, қаңғыбас иттердің арасында асыл тұқымдылар да кездесетін көрінеді. Бұл туралы Алматы ветеринария басқармасы мәлім етті.
“Қаңғыбас жануарларды аулау, уақытша ұстау және жансыздандыру үшін 4 928 571,43 теңге бекітілді. Жыл басынан 1 150 қаңғыбас ит пен мысық ауланып, бүгінгі таңда 4 928 566,50 теңге игерілді. Оған қоса, қосымша 282 қаңғыбас ит пен мысықты аулау үшін 1 353 600,00 теңгеге мемлекеттік ашық парталында баға ұсынымы бойынша тапсырыс берілді”, – деді мемлекеттік мекеме өкілі.
Ведомство мәліметінше, Қарасай ауданы бойынша қаңғыбас иттер мен мысықтарды уақытша ұстау изоляторы аудандық ветеринариялық станциясының өз қаражаты есебінен салынған (қарапайым үлгіде). Аталмыш изолятор Елтай ауылдық округіне қарасты Береке ауылы, Астана көшесі № 89 үйде орналасқан.
Айта кетейік, аудандық әкімдік тарапынан үй жануарларын уақытша ұстау пункттерін салу үшін 0,15 га. жер телімі бөлінген. Сондай-ақ жобалық-сметалық құжаттарын (ПСД) әзірлеуге 20,6 млн. теңге қарастырып жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы заңнаманы сапалы түрде іске асыру бойынша шаралар қабылдануда.
“Тұрғындарға түсіндірмелер жүргізіп, жадынамалар таратылады. Үй жануарларын ұстау және серуендету қағидаларын бұзғаны үшін жергілікті полиция қызметкерлерімен бірлесе жұмыс атқарылды. Нәтижесінде Қарасай ауданы бойынша 47 тұлға ескертіліп, 76 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 1,8 млн. теңге айыппұл салынды”, – делінген хабарламада.
Мамандар қауіпті иттердің толықтай ауланатындығын айтып, уәде берді. Сонда да, көпшілік бұл уәдеге күмәнмен қарайды. Олар көшеде қаптап жүрген бұралқы иттер балаларымызды қауып алып жүреме деп қорқады. Халықтың алаңдайтын жөні бар. Өйткені, адамдардың итке таланған жағдайы бірнеше рет қайталанған. «Әлде, жауапты мекемелер иттердің адамды қапқанын күтіп жүр ме?» деген кіжіністерін де жасырмады. Айтпағымыз, қараусыз жүрген қаңғыбас иттің қауіптілігін ұмытпағанымыз абзал. Қаңғыбас иттер мәселесі қала түгілі, еліміз үшін өзекті проблемаға айналғалы қашан?!