Астанада бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев ұсталды, деп хабарлайды kaskelen.kz тілшісі.
Telegram желісі мен БАҚ беттерінде Бишімбаев астаналық мейрамханалардың бірінде өз әйелін ұрып-соғып, нәтижесінде әйелі қайтыс болғаны жайлы ақпарат тарап жатыр.
Астана полициясы да оқиғаға қатысты түсініктеме берді. Бірақ күдіктінің есімін атамады.
“Астана қаласының полиция департаментіне қаладағы мейрамханалардың бірінде келушілер арасында жанжал болып, нәтижесінде әйел дене жарақатынан қайтыс болғаны туралы хабарлама түсті. Күдікті ұсталды. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Оқиға орнында полиция бөлімі мен Есіл аудандық бөлімшесі жұмыс істеп жатыр, тергеу амалдары жүргізілуде”, – делінген елорда полициясының хабарламасында.
Сондай-ақ, қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес аталған қылмыстық іс бойынша басқа мәліметтерді ұсыну мүмкін еместігі атап өтілді.
Бұл жағдайға қатысты Астана қоғамдық денсаулық сақтау департаменті NUR.KZ тілшісіне жедел жәрдем бригадасы әйелдің қайтыс болғанын растағанын мәлім етті.
“9 қарашада сағат 19:54-те қалалық жедел жәрдем станциясының пультіне қоңырау түсті. Жедел жәрдем бригадасы жеткенде 1992 жылы туған әйелдің қайтыс болғаны расталды”, – деп хабарлады қоғамдық денсаулық сақтау департаменті.
Сонымен қатар Астана қоғамдық денсаулық сақтау департаменті марқұмның денесі полицияға тапсырылғанын айтты.