Эстрада әншісі Сәкен Майғазиев жол апатынан кейінгі жағдайымен бөлісті. Ірі көлік апатынан қалай аман қалғанына өзі де сенбейді, деп хабарлайды kaskelen.kz порталы.
Халық әртісі жол апатының себебін желідегі парақшасына айтып берген еді. Біраз күн өткен соң әншінің денсаулығы сыр бере бастаған.
“Өткендегі жол апатынан кейін бір ай бойы шыдап жүре берген едім. Кеше шыдамай кеткен соң бір сынықшыға барсам, сүйегі шығып кетіпті. Шыбығы тайып, жүйке тамыры қысылып қалған шығар деп ойлап едім. Олай емес екен”, – деп жазды.
Оның айтуы бойынша, сүйек орнына түспейінше салмақ салмауы керек. Сынған сүйектің орнына су жиналып қалған.
“Сынықшы сүйекті орнына салып жатқанда жаным көзіме көрінді. Мүздай тер бұрқ етті. Сүйек орнына келгенше ауыр көтеруге болмайды. Мейрамбектің көкпарында көкпар тартуға болмайтынын айтты. Енді тек жанкүйер боламын. Мен қатыса алмай, көкпаршы жігіттердің айы оңынан туатын болды”, – деп әзілдеді әнші.
Еске сала кетейік, әнші жол-көлік апатының қалай болғанын айтып берген еді.
“Сарыағашқа келе жатыр едік. Осындай жағдай болды. Бәрі жақсы болсын. Бәле-жаладан сақтасын. Абайлап, асықпай жүріңіздер! Жол тар, көлік көп. Бір-бірімізді басып озамыз деп осылай болды. Алла жар болсын. Аман қалғанымызға Аллаға шүкір”, – деп жазған болатын.