Қазіргі уақытта жасөспірімдердің арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу өзекті мәселе. Соған орай Қарасай ауданында «Кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу» тақырыбында облыстық деңгейде семинар өтті, деп жазады kaskelen.kz ақпарат агенттігі.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның мақсаты – кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу бағытындағы үйлестірудегі іс-тәжірибемен бөлісу.
«Облыс көлеміндегі тәрбие саласындағы сын-қатерлер осы құқықбұзушылыққа байланысты. Сол жөнінде талқылап, бір шешімге келу мақсатында ұйымдастырылып отыр», – деді Алматы облысы әдістемелік орталық әдіскері Исатай Сатаев.
Соңғы мәліметтерге сүйенсек, аудан бойынша кәмелетке толмаған бала саны 97 540.
«Ауданда 53 мектеп орналасқан. Бала саны – 73 199, колледжда 5123 білім алушы. 2022 жылы 43, 2023 жылдың 10 айында 15 қылмыстық іс тіркелді», – деп атап өтті полиция майоры Ернұр Ембердиев.
Ернұр Ембердиевтың айтуынша, бүгінгі күні ауданда 54 сәтсіз отабсы тіркелген. Полиция қызметкерлері бірінші кезекте өгей әкесімен және пробациялық есепте тұратын отбасылар тексерістен өтеді.
Сондай-ақ, семинар барысында кәмелеттік жасқа толмаған бойжеткендер арасындағы жүктілік мәселесі көтерілді.
«Статистикаға сүйенсек, қыздардың жүктілігінің 30 пайызы жасанды үзумен, 14 пайызы абортпен, 56 пайызы босанумен аяқталады. Кәмелетке толмағандардың үштен екісі некесіз жүкті болғандар. Пациенттердің 72 пайызы мектеп оқушылары», – деді ҚАА медико-социалдық және психологиялық қызмет бөлімінің басшысы Дана Бектұрғанқызы.
Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алуда құқықтық сана мен құқықтық мәдениетті қалыптастыру негізгі басымдықтардың бірі. Құқықтық сана мен құқықтық мәдениетті қалыптастыру қоғамның құқықтық тәрбиесіне тікелей байланысты.
Құқықтық мәдениетті арттыру, халықтың құқықтық санасын дамыту – тәуелсіз, демократиялық және құқықтық тұрғыдан сауатты мемлекет құруға ықпал ететін азаматтық қоғамды қалыптастырудың маңызды өлшемдері. Осы орайда құқық қорғау органдарының тарапынан түрлі іс-шаралар жүзеге асырылып жатыр.
Құқықтық тәрбие – кәмелетке толмағандар арасында заң ұғымдарын насихаттай отырып, жасөспірімдерді қажетті заңдылық біліммен қамтамасыз етуді мақсат етеді. Жастарды заңның негізгі принциптерін біліп қана қоймай оны меңгере білуге де үйрету қажет. Семинар барысында мектеп оқушылары тарапынан қойылым көрсетіліп, дөңгелек үстелде аталған мәселе талқыланды.