Қуандық Бишімбаевтың әкесі Уәлихан Бишімбаев тергеу құпияларын ашып, ұлына қатысты іске манипуляция жасап жатқандардың барын айтты, деп хабарлайды kaskelen.kz.
Ертісбаев Live Youtube арнасында жарияланған видеосында Уәлихан Бишімбаев сөзін қаза тапқан Салтанат Нүкенованың туыстарына көңіл айтудан бастаған. Ол осы оқиға болған күннен бастап БАҚ беттеріне шыққан әрбір жаңалықты оқып, саралағанын айта кетті. Бишімбаев Конституцияға сәйкес әрбір адамның сөз еркіндігіне құқығы бар екенін айта келіп, қоғамды тергеу құпиялығы бар екенін ескертеді.
Ол осы уақытқа дейін тергеу құпияларын жария етуге болмайтынын жәбірленуші тараппен қоса айыпталушы тарапты да ескертпегенін баса айтады.
Бишімбаев жәбірленушінің ағасы – Қайрат Нүкеновтің түрлі БАҚ өкілдері мен блогерлерге сұхбат беру арқылы тергеу жұмыстарына қысым көрсетіп жатқанын айтты.
“Біз қоғамның назарын пайдалану арқылы ұлыма қатысты істі тиісті тергеу сараптамаларынсыз ауыр бапқа ауыстырып жіберді деп есептейміз. Мысалы, КТК арнасына сұхбат берген Қайрат Нүкенов туыстарымен бірге тергеу ісін қадағалайтынын әрі Бишімбаевтардың ІІМ, прокуратурада таныстары бар екенін ашық айтады. Осылайша ол тікелей эфирде тергеу сараптамасына қысым көрсететінін хабарлап тұр. Оның сөзін басқаша қабылдау мүмкін емес”, – дейді айыпталушының әкесі.
Алайда Уәлихан Бишімбаев ұлын ақтағысы келмейтінін айтты.
Сөзінің соңында БАҚ өкілдерін шындыққа жанасатын ақпаратты ғана жариялауды сұрады. Сонымен қатар тиісті органдарды ашық әрі әділетті тергеу жүргізуге шақырды.