“Бақыт деген”, “Көзіңнен айналайын” атты әндердің авторы Бақтығали Жұмалин қазіргі әншілердің орындауындағы әндерге қатысты сын айтты, деп хабарлайды kaskelen.kz.
Композитор Бақтығали Жұмалин париоттық, тәрбиелік мәні жоқ әндердің көбейіп кеткеніне қынжылады. Оның айтуынша, дауыс диапазоны жоқ әншілер бір октавамен-ақ танылып жүр.
“Қазір жас әнші көп. Көпшілігін танымаймын. Сөздерінде мағына жоқ. Аранжировкамен өңдеп, әдемілеп шығарып жатыр. Заманауи дыбыстар қосады. Интернетте бәрі әнші, бәрі жұлдыз. Бұрынғыдай өміршең ән жоқ. Бәрінде бір айтылатын ән. Әрі кетсе 3-4 ай тыңдалады, арзан әндер. Тыңдарманға оғаштау әндер де ұсынылады. Қайрат Нұртас кезінде көтеріліп, қайтадан түсті-ау деймін. Мүмкін жастар арасында танымал болар. Шәмші Қалдаяқовтың, Ескендір Хасанғалиев, Әсет Бейсеуовтың әндері әлі күнге әсерлі. Қазіргі жастардың әндерінде патриотизм, тәрбие, мағына жоқ. Қазақтың әуені өзгерді. Мүмкін олар біздікін ұнатпас”, – дейді ол.
Композитор әні мен сөзін өздері шығарып, өздері орындап жүрген жастар туралы да айтты.
“Raim-ды тыңдамаймын. Өздері композитор, өздері әнші, өздері аранжировкасын жасайды. Шетелдік стиль басым. Соларды көп тыңдап, 1-2 тактыны болсын алады. Қазір қолданып жатқан дыбыстар, компьютерлік инструмент дыбыстың бәрі сол жақтан келіп жатыр. Оны жастар жақсы пайдаланып отыр. Kalifarniya да сондай. Өз ерекшелігі бар. Бірақ сөздері жұтаң. Орындауы жаман емес. Диапазон жоқ. Бір октаваның тұсындағы дауыс. Тойға, жастарға арналған әндер. Ешқандай әндері конкурстарға қатысуға келмейді. Олар ән айтуды хоббиға, кәсіпке айналдырған. Бірақ жастарға ұнап тұр. Тек Димаш қана бұл қатарда емес. Оның орны бөлек. Диапазоны кең. Бес жұмыс октавасы бар”, – дейді композитор.