Басқару орталығында төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпхановтың төрағалығымен Республикалық жедел штабтың кезектен тыс отырысы өтті, деп хабарлайды kaskelen.kz тілшісі Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, отырысқа азаматтық қорғау қызметтері, жедел штабтың жеке құрамы және аумақтық бөлімшелер қатысты.
Жергілікті атқарушы органдармен және ТЖМ аумақтық бөлімшелерімен бейнеконференцбайланыс барысында ТЖ министрі “Қазселденқорғау” ММ, ІІМ, Қорғаныс министрлігі, жолдар мен көпірлер қызметі (“Қазавтожол”), химиялық қызмет, медициналық қызмет, көлік қызметі, байланыс қызметінің баяндамаларын тыңдаған.
“Сейсмологиялық бақылаулар мен зерттеулердің ұлттық ғылыми орталығы” ЖШС сейсмикалық жағдайды бағалауына сәйкес жақын арада Алматы болжамдық полигонының аумағында MSK-64K сейсмикалық шкаласы бойынша қарқындылығы 7 балдан асатын жер сілкінісі күтілмейді.
ТЖМ ақпараты бойынша жедел штабтарда ұйымдастырылған жедел желі телефондарына азаматтардан 377 қоңырау келіп түсті.
“Қазселденқорғау” ММ ақпаратына сәйкес, Алматы қаласы, Алматы, Жамбыл, Түркістан және Жетісу облыстары бойынша барлық бекет бақылау мен деректерді берудің жеделдетілген режиміне ауыстырылды. Бекеттердің жалпы саны – 76.
Жүргізілген зерттеу нәтижелері бойынша жер сілкінісі селден қорғау құрылыстарына теріс әсер еткен жоқ. Су режимінде ешқандай өзгеріс жоқ. Сырғымалар мен көшкіндердің жүруі туралы ақпарат түскен жоқ. Тексерулер жалғасуда”, – делінген хабараламада.
Ведомство өкілдерінің хабарлауынша, Қазақстан Қарулы күштерінің күштері мен құралдары тұрақты орналасу пункттерінде. Алматы қаласының әуежайы штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Қазіргі жағдайда кезекші ауысым күтпеген жағдайлар жоспарына сәйкес әрекет еткен.
Еске сала кетейік, қаңтардың 23-не қараған түні Алматыда бірқатар жер сілкінісі тіркелді. ТЖД ақпаратынша, жер асты дүмпулерінің магнитудасы 6,7 баллды құраған. Алматыда 5 балдық жер сілкінісі тіркелген. Кейін Алматы ТЖД бастығы Нұрлан Атығаев қалада тағы да жер сілкінісі тіркелгенін хабарлады. Оның сөзінше, зілзала магнитудасы 2-3 балл болған.