Мәжіліс Қазақстанға вейптерді әкелуге, өндіруге және сатуға толық тыйым салатын заң қабылдады, деп хабарлайды kaskelen.kz тілшісі.
“Кейбір заңнамалық актілерге денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Заңда вейптерді заңсыз айналымға шығарғандар үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған:
- вейп сатқаны үшін тағайындалатын ең жоғары жаза – 50 тәулікке дейін қамауға алу;
- әкеліп әрі таратқаны үшін – 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру;
- қылмыстық топ жасаған не аса iрi мөлшерде не бiрнеше рет жасалған дәл сол әрекеттер үшiн – 5 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айырылады.
Сондай-ақ медициналық қызметкерлерге емделушінің жеке ерекшеліктеріне қарай емдеудің оңтайлы әдістерін таңдау мүмкіндігін беру үшін медициналық көмек көрсету кезінде міндетті түрде клиникалық хаттамаларды қолдану алынып тасталды.
Еске сала кетейік, бұған дейін мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Қазақстанда вейп пен электронды темекінің айналымына тыйым салу туралы шешім шығаруды талап еткен.