Алматы облысындағы Еңбекшіқазақ ауданында жер сілкінісінен кейін жаңа мектептің қабырғалары жарылды, деп хабарлайды kaskelen.kz тілшісі.
Видео әлеуметтік желілерде тараған. Кадрларда мектеп қабырғаларындағы жарықтардың үлкендігі көрінеді.
Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының әкімдігі 2015 жылы салынған мектеп ғимаратының қабырғасындағы бұл жарықтар жер сілкінісіне дейін де болғанын жеткізді. Бірақ та олар жер сілкінісінен кейін жарықтар 10 сантиметрге дейін кеңейгенін жеткізді.
“Бұл мектепте бүгінде 564 оқушы оқиды. Оқу процесі күндізгі режимде жүргізіледі. ТЖ басқармасы апатты жағдайды мойындамады”, – делінген аудан әкімдігінің хабарламасында.
Еске сала кетейік, 23 қаңтарға қараған түні Алматыда жер сілкінісі болды. Астана уақытымен 00 сағат 09 мин 02 секундта алматылықтар қатты жер сілкінісін сезді. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше жер асты дүмпуінің эпицентрі Алматының оңтүстік-шығысында, 264 шақырым жерде тіркелді. Магнитудасы 6,7 балл. Бұдан соң тұрғындар қалада тағы да бірнеше жер сілкінісі сезілгенін хабарлады.