Алматы облысы Кеген ауданында Қазақстанның қоғам және мемлекет қайраткері Заманбек Нұрқаділовке ескерткіш орнату жұмыстары аясында жиын өтті, деп хабарлайды kaskelen.kz тілшісі аудан әкімдігінің Instagram парақшасынына сілтеме жасап.
Жиын барысында Заманбек Нұрқаділовке қойылатын ескерткіштің орнын белгілеу, ескерткіш қойылатын жер учаскесін таңдау туралы сөз қозғалған.
“Айта кетейік, көпшіліктің пікірін ортаға сала келе Кеген ауылының көрнекті жері жаңадан бой көтеретін Кеген өнер мектебінің алдынан саясаткердің ескерткішін орнату жоспарлануда”, – делінген хабарламада.
Еске сала кетейік 14 қаңтарда белгілі саясаткер Заманбек Нұрқаділовтің туғанына 80 жыл толуына орай ас берілді. Оған бірқатар қоғам қайраткері, саясаткерлер, парламент депутаттары, ғалымдар мен қаламгерлер қатысты.
Аста президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы көңіл хатын оқып берген. Тоқаев хатында Заманбек Нұрқаділовке ескерткіш орнату керек деп есептейтінін жазған еді.