Соңғы кезде «Цифрлық көшпенділер» деген ұғым пайда болды. Ол тіркес негізінен цифрлық технологиялар саласында қашықтан еңбек ететін, жұмыс орнына байланбай, дүние жүзінің кез келген жерінде тұра беретін адамдарға қатысты қолданылады. Бірқатар мемлекет фрилансерлер үшін цифрлық көшпенді немесе Digital Nomad визасын ұсына бастады. Оны алу үшін белгілі бір деңгейдегі табысыңды көрсетіп, жергілікті тұрғындардың жұмысын «тартып алмайтыныңды» дәлелдеуің керек. Мұндай виза беруді Қазақстан үкіметі де қарастырып жатыр. Жуырда Президент елімізді «цифрлық көшпенділердің ордасына» айналдыруды тапсырған еді. Цифрлық көшпенділер деген кімдер, оларға қандай жағдай жасалады, бұдан ел экономикасына не пайда? Басқа елдерде оларға қандай артықшылықтар ұсынады? Қазір бұл терминге терең үңілетін боламыз.
«Цифрлық көшпенділер» саны күн сайын артуда
Цифрлық көшпенділер қашықтан жұмыс істейді. Көптеген адам пандемия кезінде қашықтан жұмыс істеп үйреніп қалды. Бүгінде «цифрлық көшпенділердің» 60%-дан астамы – қашықтан жұмыс істейтін дәстүрлі қызметкерлер.
Әлемде 35 миллионға жуық «цифрлық көшпенді» бар. Халықаралық сарапшылардың бағалауынша, 2035 жылға қарай олардың саны миллиардтан асады.
Жұмыс берушілер не ұсынады?
Цифрлық дағдылары бар мамандарды тарту тұтас елдің экономикалық табысын жақсартады. Сондықтан елдер цифрлық индустрияға зияткерлерді тарту үшін түрлі шаралар қабылдап жатыр. Мысалы, жақында Жапония үкіметі цифрлық дарындыларға елде 6 айға дейін тұруға мүмкіндік беретін жаңа виза жүйесін енгізуді жоспарлап отырғанын хабарлады (бұрын қысқа мерзімді туристік визамен небәрі 90 күн болатын – ред.).
Виза алу үшін жұмыскерлердің жылдық табысы 10 миллион иеннен (68 200 доллар) жоғары болуы шарт. Сонда ол виза шектеулерінен босатылады және Жапониямен салықтық қарым-қатынасы бар 49 ел мен аймақтың тұрғыны болуы керек. Олардың жұбайы мен балаларына да кіруге рұқсат етіледі.
Әлем елдері басқа қандай қолайлы шарттар ұсынатынын инфографикадан көруге болады.
Цифрлық көшпенділерге не керек?
Цифрлық индустрияның жетекші мамандары инновация көзі ретінде қызмет етеді және мемлекетті жоғары деңгейге жеткізе отырып, елді цифрландыруды дамытуға көмектеседі. Сондықтан елдер әртүрлі шарттар мен артықшылықтарды ұсынып, цифрлық сарапшыларды тартуға тырысады.
Цифрлық таланттар үшін ең маңызды нәрсе – жұмыс пен өмірдің тепе-теңдігі. Олардың 70%-дан астамы үйленген. «Цифрлық көшпенділер» құзыретін арттыра отырып, жұмыс орнын ауыстырып, жаңа тәжірибе алуды жөн көреді. Тұрақты табыс, қауіпсіз кеңсе және компаниялар беретін кепілдіктер – цифрлық көшпенділер үшін басты құндылықтар емес. Олардың жұмысы көбіне стартаптармен байланысты болса да, цифрлық таланттар үлкен компанияларда жұмыс істеуге басымдық береді.
Цифрлық зияткерлер жақсы жалақы мен жайлы өмір салтына ерекше мән береді.