Соңғы жылдары адамдар энергетикалық сусындармен әуестенуде. Жұмыс бабымен болсын, жалпы күнделікті тұрмыс-тіршілікпен жүрген адам күніне қанша мөлшерде ішкенін байқамай қалып жатады. Көбінесе бұл сусындармен жастар әуестенеді. Алайда бұның салдары теріс ықпалын тигізетінін ойға ала бермейді. Сол себепті кардиолог Дильбар Аршидинова энергетикалық сусындардың зияны жайлы тарқатып айтып бермек.
Кардиологтың сөзінше, кофеин энергетикалық сусындардың негізгі ингредиенті саналады. Ол қан қысымының жоғарылауына және жүрек соғу жиілігін артуына әкелуі мүмкін. Ал жүрек ақауы немесе жоғары қан қысымы бұрыннан бар адамдарда одан сайын асқындырып жіберуі мүмкін.
Сондай-ақ дәрігер энергетикалық сусындарда жүрекке әсер ететін таурин мен гуаран сияқты басқа да стимуляторлық заттар болуы мүмкін екенін атап өтті.
“Энергетикалық сусындар жүректің әртүрлі проблемасын тудыруы мүмкін. Ең басты проблеманың бірі – жүрекалды фибрилляциясы сияқты аритмияның даму қаупінің артуы. Бұл жағдай жүрек соғу ырғағының бұзылуымен сипатталады және ауыр зардаптарға, соның ішінде инсульт пен жүрек жеткіліксіздігіне әкелуі мүмкін.
Сондай-ақ энергетикалық сусындар жоғары қан қысымын тудыруы мүмкін, бұл гипертония және инфаркт сияқты жүрек-қан тамырлары ауруларының өршу қаупін арттырады. Бұдан бөлек, сусындарды ішу қан тамырларын тарылтып, қан айналымын нашарлатады. Ал бұл жүректің жұмысына теріс әсер етеді”, – деп түсіндірді Дильбар Аршидинова.
Ол энергетикалық сусындардың денеге басқа да жағымсыз әсері бар екенін айтты. Олар дегидратацияға, ұйқының бұзылуына, жүйке және мазасыздыққа әкелуі мүмкін. Кофеин мен басқа да стимуляторлар бірігіп, тәуелділік тудыруы мүмкін және қажетті әсер алу үшін дозаны жоғарылату қажет болуы мүмкін.
Осыған байланысты кардиолог әсіресе жүрек-қан тамырлары аурулары бар немесе олардың даму қаупі жоғары адамдарға энергетикалық сусындарды тұтынуды шектеуді немесе олардан мүлдем бас тартуды ұсынады.