Бүгін парламент мәжілісінің отырысында депутат Айдос Сарым мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамада теріс қылық жасаған мемлекеттік қызметкерлердің жазасы жеңілдетілгенін мәлімдеді, деп хабарлайды kaskelen.kz.
Ол Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Медеғалиұлына сұрақ қойды.
“Осыдан бір жыл бұрын парламент мемлекеттік қызметкерлер мен оларға теңестірілген азаматтардың кірісі мен шығысына бақылау енгізуді көздейтін заң қабылдады. Заңға сай, 2027 жылдан бастап олардың шығысы кірісінен асып кетсе әкімшілік айыппұл салынады және жұмыстан шығарылуға тиіс. Оған қоса осы заңда олардың мемлекеттік қызметке кіруіне 3 жылға дейін шектеу белгіленген. Ал қазір біз қарап отырған заң жобасында мұны 2 жылға дейін қысқарту ұсынылып отыр. Заңсыз байығаны үшін мемлекеттік қызметтен шығарылған адамдарға қойылатын талаптарды жеңілдету қаншалықты орынды, түсіндіріп беріңізші”, – деп сұрады мәжіліс депутаты.
Агенттік төрағасы бұл бөлік сыбайлас жемқорлыққа қарсы концепцияда көрсетілгендіктен бірізділік сақталу үшін қабылданды дейді.
“Былтыр сыбайлас жемқорлыққа қарсы концепцияда көрсетіліп, заң күшіне енді. Осыған байланысты біздің де мемлекеттік қызмет туралы заңға өзгерістер енгізілді. Бірақ бұл норма 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап қабылданады. Егер қызметкердің кірісінен шығысы көп болса тәртіптік жаза қолданылады. Бәрі бірізді болу үшін осындай өзгеріс енгізіп отырмыз”, – деп жауап берді Дархан Медеғалиұлы.