Ашық НҚА порталында сыртқы істер министрлігі “Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Таиланд корольдігінің Үкіметі арасындағы визалық талаптардан өзара босату туралы келісімге қол қою туралы” Үкімет қаулысының жобасын жариялады, деп хабарлайды kaskelen.kz порталы.
Жобада келісім мәтіні таныстырылған. Оған сәйкес, қазақстандықтардың Таиланд аумағына 30 күннен аспайтын мерзімге баруы үшін оларды визалық талаптардан босату жоспарланып отыр. Бұл ретте 180 күн ішінде азаматтың Таиландта болған күндерінің жалпы саны 90 күннен аспауы тиіс. Сонымен қатар, жолаушылардың паспортының жарамдылық мерзімі 6 айдан кем болмауы тиіс.
Таиланд корольдігі азаматтарының Қазақстанда болуы үшін де дәл осындай шарттар қолданылады.
Көрсетілген мерзімнен артығырақ болу үшін азаматтар виза рәсімдеуі тиіс.
Еске сала кетейік, Қазақстан мен Таиланд арасында визасыз режим 2023 жылғы 25 қыркүйек пен 2024 жылғы 29 ақпан аралығында уақытша, сынақтан өткізу мақсатында енгізілген болатын.