Ұлттық экономика министрлігінде қай қалалар өз мәртебесін жоғалтып, қай ауылдарға бұл атақ берілуі мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды kaskelen.kz.
Бауыржан Құдайбергеновтің сөзінше, Қазақстанда 10 мыңнан аз тұрғын мекен ететін 13 қала бар.
“Бұл Шар, Қазалы және басқа да қалалар. Тәртібі бірдей – мәртебені өзгерту мәселесін мәслихат пен әкімдік тұрғындармен бірлесіп шешуі керек”, – деді ол.
Бұған дейін Ұлттық экономика министрі Қазақстанда 7,6 миллион адам тұратын 6 256 ауылды елді мекен бар екенін, бұл ел халқының 38,4 пайызына тең екенін мәлімдеген еді.
Ол сонымен қатар бүгінгі үкімет отырысында Қазақстанда қанша ауыл қала мәртебесін алуы мүмкін екенін айтты.
Сондай-ақ Қазақстанда жаңа қалалар пайда болып жатқанын айта кеткен жөн. Мысалы, 2020 жылғы қаңтарда Қостанай облысында Тобыл қаласы пайда болды.
Қазақстанда қала мәртебесін алуы мүмкін ауылдардың тізімі жасалды:
- Қарғалы ауылы (Алматы облысы), халқы – 30 769 адам;
- Өтеген батыр ауылы (Алматы облысы), халқы – 35 450 адам;
- Боралдай ауылы (Алматы облысы), халқы – 37 500 адам;
- Ұзынағаш ауылы (Алматы облысы), халқы – 43 319 адам;
- Сарыкемер ауылы (Жамбыл облысы), халқы – 32 962 адам;
- Қордай ауылы (Жамбыл облысы), халқы – 39 279 адам;
- Жаңақорған ауылы (Қызылорда облысы), халқы – 31 368 адам;
- Шиелі ауылы (Қызылорда облысы), халқы – 36 745 адам;
- Әйтеке би ауылы (Қызылорда облысы), халқы – 45 608 адам;
- Қызылтөбе ауылы (Маңғыстау облысы), халқы – 30 852 адам;
- Атамекен ауылы (Маңғыстау облысы), халқы – 34 500 адам;
- Маңғыстау ауылы (Маңғыстау облысы), халқы – 35 604 адам;
- Басқұдық ауылы (Маңғыстау облысы), халқы – 37 949 адам;
- Рахат ауылы (Маңғыстау облысы), халқы – 43 731 адам;
- Бейнеу ауылы (Маңғыстау облысы), халқы – 59 238 адам;
- Манкент ауылы (Түркістан облысы), халқы – 32 713 адам;
- Ақсукент ауылы (Түркістан облысы), халқы – 38 102 адам;
- Қарабұлақ ауылы (Түркістан облысы), халқы – 53 093 адам.
2021 жылдың жазында Ақмола облысындағы Қосшы ауылы облыстық маңызы бар қала атанды.
2022 жылдың мамыр айында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысындағы Қапшағай қаласын Қонаев қаласы деп өзгерту туралы жарлыққа қол қойды.
Осы жылдың қаңтарында Алматы облысы Іле ауданының Жетіген ауылы облыстық маңызы бар қала санатына жатқызылып, атауы Алатау қаласы болып өзгертілді.