ТМД елдерінің ішінде Қазақстанда жеміс-жидек қымбатырақ. Соңғы жылдары әсіресе жүзім, алма мен алмұрт бағасы көтерілген. Саудагерлер жиын-терін аз болды дейді. Бізде ғана емес, көршілес елдерде де осындай жағдай, деп хабарлайды kaskelen.kz тілшісі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап.
Елімізде жеміс-жидек пен кептірілген жемістер орташа 14% қымбаттады. Жүзім бағасы – 40%, алма мен алмұрт – 17-18% өскен, өткен жылмен салыстырғанда лимон, апельсин, банан, киви мен басқалары да қымбаттады. Өңірлерде баға әртүрлі, бірақ жалпы алғанда ТМД елдерінің ішінде Қазақстанда баға ең жоғарыларының бірі. Саудагерлердің сөзінше, жеміс бағасы жиын-терін көлеміне тікелей байланысты.
“Биыл Өзбекстанда жаңбыр көп жауды, сол себепті жүзім мен анар аз. Негізгісі Ресейге кетті, ал бізге аз жіберді”, – дейді сатушы Манучехр Икромов.
Energyprom мәліметінше, елде жеміс жинау азайды. Былтыр жүзім алдыңғы жылмен салыстырғанда төрттен бір мөлшерге аз жиналды, алмұрт – 19%, алма да аз терілді. Қазақстандықтар жеміс-жидек сататын дүкенге бару үшін қалтаң қалың болу керек дейді.
Экономистердің сөзінше, елде ауыл шаруашылығын дамытып, фермерлерге жеңілдікпен несие беру және еңбек өнімділігін арттыру қажет. Қарап отырсаңыз, логистиканы қосқанның өзінде, басқа елдердің жемістері біздікінен арзан.
“Польша мен басқа да Еуропа елдерінен келетін алмалар арзан болады, логистикалық шығыны көп екеніне қарамастан солай. Бұл олардың аграрық саласында өнімділік жоғары екенін көрсетіп тұр”, – дейді экономист, “R-Finance” қаржы кеңесшісі Арман Байғанов.
Жеміс-жидектен бөлек, кепкен жеміс пен жаңғақтар да қымбаттаған. Әсіресе мейіз, жержаңғақ, күнбағыс дәнегі мен өрік бағасы өскен. Ал орман жаңғағы, бадам, кешью мен грек жаңғағы, керісінше, арзандады.
Бұған дейін ақпанда жылқы еті 4,3% қымбаттағанын жазған едік. Қазы бағасы 4,8%, ал жаянікі 2,5% өсті.