Енді елімізде банкте бірнеше несиесі барларға да автонесие берілуі мүмкін. Қарыз ұсынғалы отырған қаржы ұйымдары жаңа көлік мінуге ниетті адамның борыш жүктемесін есепке алмайды, деп хабарлайды kaskelen.kz порталы 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.
Берешегін уақытылы өтеп жүрген борышкер банкке өтініш беріп, автонесие рәсімдей алады. Алайда көлік кепілге қойылады. Бұл бастаманы қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі көтеріп отыр. Қаулыға сәйкес, қарыз алушының борыш жүктемесі коэффициентін есептеуге қатысты бірқатар өзгерістер енгізілмек.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бастамасы отандық автомобиль өнеркәсібін дамытуға бағытталған. Жеңілдетілген автонесие жобасы шеңберінде сатылуға тиіс көліктерді сатады. Бастысы жаңа көлік мінуге ниетті адам алты ай банк алдындағы берешегін кешіктірмей, уақытылы төлеп тұруы шарт.
“Жобада қарыздар бойынша борыштық жүктеме коэффициентін есептеуге қойылатын талаптарды алып тастау көзделеді. Бірақ несиеге алынған көлік кепілге қойылады. Яғни борышкер қарызын өтемесе, банк көлікті сатылымға шығарып, ақшаны қайтарады”, – деп мәлімдеді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі.
Сарапшылар банктер борыш жүктемесіне қарамайды екен деп қарызға батуға, автонесие рәсімдеуге болмайтынын айтады. Яғни, берешекке асқан жауапкершілікпен қарап, бизнесті дамыту, не жолаушы тасымалдау деген секілді белгілі мақсаттар үшін алу қажет. Пікірлерінше, саланы дамыту үшін де алдымен өндіріс көлемін ұлғайту маңызды.
“Дөңгелегін, я болмаса басқа дискісін бе, я басқа бөлшегін шығару үшін оған үлкен көлем керек. Ол көлем 200 мыңнан асқаннан кейін ғана болады. Сондықтан бүгінде мақсатымыз – 150-ден 200 мыңға жеткізіп, одан әрі қарай кейін жаңағы автомобиль шығару деген мемлекеттік қатарына қосылу мәселесі”, – деді экономист Сапарбай Жұбаев.
Сарапшының айтуынша жаңа көліктің қолжетімділігі отандық автопаркті де жаңалауға мүмкіндік береді.