Премьер-Министр Олжас Бектенов Сенат депутаттарының бір адам иелік ете алатын жер көлемінің шекті мөлшеріне қатысты сауалдарына жауап берді, деп хабарлайды kaskelen.kz порталы.
«2022 жылдың 8 ақпанында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы жер учаскелерінің шекті мөлшерін анықтау үшін сарапшылар мен ғылыми институттардың қатысуымен жұмыс тобын құруды тапсырған болатын. Жұмыс тобына мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, „Атамекен“ ҰКП-ның өкілдері, зерттеу институттарының, ғылыми-өндірістік орталықтардың өкілдері, шаруа қожалықтарының басшылары, қоғам қайраткерлері кірді. Жұмыс тобы жұмысының қорытындысында, сонымен қатар Қазақ аграрлық-өнеркәсіптік кешенінің экономикасы және ауылдық аумақтарды дамыту ғылыми-зерттеу институтының есептеулері негізінде ауыл шаруашылығы жерлерінің шекті мөлшері бойынша ұсыныс әзірленді. Онда жер көлемі жергілікті жағдайға және ерекшеліктерге байланысты заңды тұлғаларға 51 мың гектардан, ал шаруа қожалықтарына 35 мың гектардан аспайды», — деп атап өтеді Үкімет басшысы жауабында.
Дегенмен Премьер-Министрдің сөзінше, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерден ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің мұндай мөлшерін қайта қарауға қатысты ұсыныстар түсіп жатыр.
«Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді қорғау және пайдалану мәселесі облыс әкімдіктерінің қатысуымен үкіметтік жұмыс комиссиясының отырысында тұрақты түрде қаралады. Комиссия мақсаты — ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану мәселелерін қарастыру, сондай-ақ жерді ашық әрі әділ бөлу арқылы одан ары ауыл шаруашылығы айналымына енгізу. Ауыл шаруашылығы жерлерінің шекті мөлшерін қайта қарау мәселесі аталған комиссия аясында қарастырылады», — деді Олжас Бектенов.