Елде су, жылу және электр энергиясын тұтынудың әлеуметтік нормалары енгізілді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы Әсел Бөденеева мәлімдеді, деп хабарлайды kaskelen.kz порталы.
Спикердің айтуынша, суды үнемді тұтыну мақсатында лимитті 4 деңгейлі тарифпен белгілеу енгізілді. Бастама үш негізгі коммуналдық қызметке қатысты: сумен жабдықтау, жылумен жабдықтау және электрмен жабдықтау.
«Коммуналдық меншік саласындағы табиғи монополиялар субъектілерінің қосымша алған табысы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы басым міндеттерді шешуге, оның ішінде ресурс үнемдеу технологияларын енгізуге, жөндеу жұмыстарын жүргізуге, приборлауға және тағы басқасына бағытталатын болады», – деді Әсел Бөденеева.
Сумен жабдықтау саласында тұтыну лимитіне байланысты төрт деңгейлі тарифті қолдану көзделген, мұнда экономикалық шығындар келесідей бөлінген:
І топ – айына 3 текше метрге дейін тұтынушыларға қолданыстағы тариф;
ІІ топ – айына 3-тен 5 текше метрге дейін тұтынушыларға тариф қолданыстағы тарифтен 20% – ға жоғары болады;
ІІІ топ – айына 5-10 текше метрге тариф 50 %-ға жоғары;
ІV топ – айына 10 текше метрден асатын болса екі еселенген тариф қолданылады.
Жылумен жабдықтау саласында тарифтерді саралау бір абонентке шаққандағы тұрғын үй алаңының шамасы бойынша жүзеге асырылады.
І топ – 100 шаршы метрге дейін бекітілген тариф;
ІІ топ – 100-ден 200 шаршы метрге дейін тариф бекітілгеннен 10% – ға жоғары;
ІІ топ – 200 шаршы метрден астам орташа еңбек тарифін қолданатын болады.
«Тұтынудың әлеуметтік нормаларын енгізу қосымша табыстың мақсатты пайдаланылуын бақылаумен жүзеге асатын болады», – деп түсіндірді Ә. Бөденеева.
Осыған дейін Су ресурстары және ирригация министрілігі жоғарыда аталған тәсіл 13 млрд теңге қосымша табысқа қол жеткізуге мүмкіндік беретінін мәлімдеген еді.