Жоғары білім сапасын және ғылыми зерттеулердің нәтижелілігін арттыруға бағытталған Қазақстан Республикасында жоғары білім мен ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды kaskelen.kz порталы.
Қазіргі таңда Қазақстанда 120 жоғары оқу орны жұмыс істейді. Онда 642 588 адам оқиды, мемлекеттік тапсырыс бойынша — 255 685 адам, профессор-оқытушылар құрамы 37,4 мың адамды құрайды.
Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға мемлекеттік тапсырыс көлемі артып келеді, 2024 жылы 93 952 грантты (бакалавриат — 77 844, магистратура — 13 189, докторантура — 2 919) қаржыландыру көлемі 228,6 млрд теңгені құрады. 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында 300 орындық 3 жатақхана, оның ішінде 2-уі ЖОО үшін, 1-уі колледждер үшін 70 орындық жатақхана пайдалануға берілді. 2024 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша Қазақстанның жоғары оқу орындарында 27 969 шетелдік студент оқиды.