Қазақстанда көпқабатты үй салып жатқан 348 құрылыс компаниясының үлескердің ақшасын тартуға рұқсаты жоқ. Қазір бұл компаниялар ел аумағындағы 394 нысанның құрылысын жүргізіп жатыр. Бұл – осы 394 үйден пәтер таңдап, алдын ала ақша салған адамдар ертең сазға отырып қалуы мүмкін деген сөз. Республика бойынша ең көп рұқсатсыз салынып жатқан нысандар: Маңғыстау облысында (125 үй), Алматыда (83 үй), Атырау (37 үй), Шығыс Қазақстан (31 үй) облыстарында, Астанада (26 үй), Ақмола облысында (24 үй). Қазір «Қазақстан тұрғын үй Компаниясы» мамандары осындай күмәнді мәмілеге ұрынбау үшін қалай әрекет ету керектігін айтып береді.
Әлеуметтік желіде әлі салынып бітпеген үйлердің көз жауын алатын жарнамасы жетерлік. Бұл әсіресе жиған-тергені ипотеканың бастапқы жарнасына жетпейтін, борыш мерзімін 10-15 жылға созғанның өзінде ай сайынғы төлемі табысынан асып түсетін адамдарға тиімді жол болып көрінеді. Өйткені құрылысы енді басталған пәтердің бағасы дайын пәтердің бағасынан шамамен 30 пайызға арзан шығады. Артылған аз ғана ақшасын жылжымайтын мүлікке инвестициялағысы келетіндер де үлестік құрылысқа қаражат құйып жатады. Іргетас кезінде арзан бағаға «сатып алған» пәтер ертең құрылыс бітіп, қолданысқа берілгенде ондаған пайызға қымбаттап шыға келеді. Салынған үйдің орналасқан жері неғұрлым элиталы ауданда болса, кіретін маржа да соғұрлым көбірек. Алайда, бұл жерде ескеру қажет көптеген фактордың бар екенін білген абзал.
Соңы сотқа дейін жеткен үлескерлік даулардың көптігіне қарамастан, мұндай өнімдерге сұраныстың түспей тұрғанын осындай мотивтермен байланыстыруға болады.
Сол себепті бұл жағдайға түспес үшін әрбір үлескер өз құқықтарын білуі қажет. Оның ең негізгісі – құрылысы салынып жатқан нысан бойынша үлескердің қаражатын тартуға жергілікті әкімдіктен алған рұқсаты немесе Қазақстан тұрғын үй компаниясының бірыңғай оператор ретінде берген кепілдігі болуы қажет. Қазір бұл ақпаратты тексеру өте оңай, Өйткені арнайы рұқсаты бар нысандардың тізімі мен нысан туралы толық ақпарат ашық түрде мына порталда жарияланып тұр. Бұл тізімді жергілікті әкімдіктер беріп отырады.
Ресурсты «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» акционерлік қоғамы әзірлеген. Аталмыш ұйымның мәліметі бойынша, ел аумағында үлескердің қаражатын таруға рұқсаты және бірыңғай оператордың кепілдігі бар 892 нысан тіркелген. Оның 703-і аяқталған, 189-сы әлі салынып жатыр. Осы салынып бітпеген 189 үйдің 41-інде «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ кепілдігі бар, 23-іне әкімдіктердің, ал 125-іне екінші деңгейлі банктердің арнайы рұқсаты берілген.
Ал үлескер қаржысын тартуға ешқандай рұқсаты жоқ 394 нысан салынып жатқанын сөз басында айттық. Бұл үйлерге үлескер ретінде ақша салғандар құрылыс аяқ астынан тоқтап, қолданысқа берілмей жатса, мәселені азаматтық негізде, тек сот арқылы ғана шеше алады. Өйткені әкімдік те, «ҚТК» АҚ да кепілдік бермеген.
«Жобалау-сметалық құжаттары мен үлескер ақшасын тарту рұқсатын көрсетпеген компаниядан аулақ болған дұрыс. Ондай рұқсатты жергілікті әкімдік немесе Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы беретінін айттым. Осы екі құжатты сұрау керек. Бұл құжаттар болмаса, ертең сатып алған үйіңіз салынып бітпей қалса, заң да, әкімдік те сізге көмектесе алмайды. Құқығыңыз 100 пайыз бұзылады. Әкімдікке барсаңыз құқық қорғау органдарына сілтеумен шектеледі. Өйткені әкімдік кепілдік бермеген нысанға ақша салған болып шығасыз», – дейді «ҚТК» АҚ басқарма төрағасы Алтай Күздібаев.
Сонымен Homeportal порталында мемлекет кепілдік берген үлескерлік құрылыстарды іздеу үшін мына әрекеттерді жасау керек:
1. Порталға кіргеннен кейін оң жақтағы жоғарғы бұрыштан қазақ немесе орыс тілін таңдайсыз.
2. Бұдан кейін «Жеке тұлғаларға» арналған ақпараттар базасын таңдайсыз.
3. «Үлестік құрылыс обьектілері» батырмасына өту керек.
4. Бұл батырманы басқанда экранда Қазақстанның картасы бар интрефейс ашылады. Одан өзіңіз қызығушылық танытқан тұрғын үйдің мәліметтерін тексеру үшін тұрғын үй кешенінің ресми атауын немесе оны салып жатқан компанияның бизнес сәйкестендіру нөмірін (БСН) білуіңіз керек. Осы екі мәліметтің бірін іздеу жолына теріп, «іздеу» пәрменін басу қажет.
5. Егер сіз іздеп отырған тұрғын үй кешеніне ақша салушыларға жергілікті әкімдік немесе «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» акционерлік қоғамы кепілдік берген болса, ашылған парақшаның астыңғы бөлігінде сіз іздеген нысанның атауы шығады.
Сол жерден «Жобаны қарау» батырмасына кіріп, нысанды салып жатқан мердігер компанияның толық атауы, қашан қолданысқа берілетіні, неше қабатты, неше пәтерлі үй екені т.б. мәліметтер шығады.
Бұл – осы тұрғын үйге үлескер ретінде ақша салып, құрылыс бітпей қалған күннің өзінде мемлекет сіздің құқығыңызды қорғайды деген сөз. Егер әкімдік кепілдік берген болса, мердігерді ауыстырып, құрылысты аяқтайды да, бастапқы келісімшартта көрсетілген бағамен сізге сатады. Ал үйдің салынып біткенін күткіңіз келмесе, үлескерлік келісімшарттың нормалары іске қосылады. Қарапайымдап айтсақ, кепіл беруші әкімдік немесе «ҚТК» АҚ құрылысқа тартқан басқарушы компания нысанды аяқтап, сіз бас тартқан пәтерді сатып, соның ақшасынан сіздің алдын ала төлем ретінде аударған ақшаңызды қайтарып береді.
6. Егер сіз іздеген нысанға әкімдік те, «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ да кепілдік бермеген болса, іздеу парағының аяқ жағында мынандай жазу шығады.
7. Өзіңіз іздеген үйді тезірек табу үшін инфографикалық картадан қажет өңірді теріп те іздеуге болады. Керек облыстың үстіне басып, кепілдік берілген нысандардың тізімін көріп шығуға болады.
8. Алғашқы іздеу тәсілінен сіз іздеген нысан табылмаса, мемлекет кепілдігі берілмегеніне көз жеткізу үшін (компьютерден) «Үлестік құрылыс обьектілері» батырмасына қайта өтіп, «Рұқсатсыз/кепілдіксіз нысандар» батырмасына өту қажет.
Батырма парақшасынан не тұрғын үй кешенінің атауы арқылы, не картадағы өңірді басу арқылы кепілдік алмаған нысандардың тізімін тексере аласыз.
Телефоннан іздеген жағдайда «Негізгі менюдің» «Рұқсатсыз/кепілдіксіз нысандар» батырмасына өту керек.
Таңдаған тұрғын үйдің құрылысына үлескер ақшасын тартуға рұқсат берілгеніне көз жеткізумен жұмыс бітпейді. Алтай Күздібаев үй салушы компаниямен келісімшартқа отырған кезде аса сақ болу керектігін айтады. Сонымен қатар, құрылыс компаниясының негізгі деген құжаттарымен танысу қажет.
Болашақ үлескер компаниядан мына құжаттарды сұрауға хақылы:
- үй салуға арналған жердің құжаттары;
- құрылысқа рұқсат құжаты;
- үлескер ақшасын тартуға берілген рұқсат немесе Бірыңғай оператордың кепілдік келісімшарты (бәрі түпнұсқа құжат түрінде көрсетілуі керек).
Сондай-ақ:
- кәсіпорынның Қазақстан аумағында тіркелгенін растайтын анықтаманың;
- нысанды жобалау құжаттарының көшірмесі.
Келісімшартқа қол қоймай тұрып оның мазмұнына мән беру маңызды. Қол қоюға ұсынылған құжаттың «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы келісімшарт» екеніне көз жеткізу қажет. Мұның орнына: «брондау келісімшарты», «инвестиция жасау келісімшарты», «резервтеу келісімшарты», «талап ету құқығын басқаға беру келісімшарты» сияқты құжаттар ұсынса, ондай компанияға жоламаған абзал.
Келісімшартқа екіжақты қол қойылғаннан кейін уәкілетті компания оны «Қазреестр» ақпараттық жүйесі арқылы жергілікті әкімдікте тіркеуге міндетті. Жергілікті әкімдік оны тіркеген жағдайда тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттың есептік жазбасы туралы үзінді беріледі. Тек осы құжат қана жасалған мәміленің заңды екенін растайды.