Алматы – еліміздегі басты туристік орталықтардың бірі. Өткен жылы мегаполиске жарты миллионға жуық шетелдік турист келген. Осы орайда Туризм басқарма басшысының орынбасары Ақмарал Ещанова шаһардың туристік әлеуеті туралы айтып берді, деп хабарлайды kaskelen.kz.
Оның сөзінше, Алматыға шетелдік туристерді тарту қаланың және аймақтың экономикалық дамуы үшін өте маңызды.
– Туристер Алматыны демалыс орны ретінде таңдауы жергілікті экономиканың өсуіне белсенді ықпал етеді. Атап айтсақ, туризм – Алматыдағы ең негізгі жұмыс салаларының бірі. 2023 жылдың төртінші тоқсанындағы мәліметтерге сәйкес, туристік салада 80 983 адам жұмыспен қамтылған, бұл қаланың жалпы жұмыспен қамтылған халқының 7,7%-ы. Соңғы бірнеше жыл ішінде бұл көрсеткіш тұрақты түрде өсіп келеді. 2019 жылы 67 493 адам жұмыспен қамтылған болатын. Жұмыс орындарының көбеюі мыңдаған отбасыға тұрақты табыс беріп қана қоймай, аймақтағы жұмыссыздық деңгейін төмендетуге де ықпал етті, – деді Ақмарал Ещанова.
Сонымен қатар ол Алматыға келген шетелдік туристер қаражатын негізінен қонақ үйге жұмсайтынын айтты.
– Mastercard деректері бойынша, шетелдік туристер Алматыда қаражатының 49%-ын тұрғын үйге жұмсайды. Алматыға келген әрбір шетелдік турист қаланың экономикалық дамуына айтарлықтай үлес қосып, жаңа жұмыс орындарын құруға, жергілікті салаларды қолдауға және халықтың өмір сүру деңгейін арттыруға ықпал етеді. Алматыға туристерді тарту – аймақтың тұрақты дамуы мен гүлденуін қамтамасыз ететін қала болашағына салынған ең үлкен инвестиция десек артық айтпаймыз, – деді басқарма басшысының орынбасары.
Ақмарал Ещанова туристер санының артуы жаңа қонақ үйлер құрылысының көбеюіне ықпал етіп жатқанын атап өтті. Туризм басқармасының мәліметінше, қазіргі уақытта Алматыда 3 868 бөлмеге арналған 27 қонақ үйдің құрылысы жүріп жатыр. 2027 жылға қарай қаладағы қонақ үйлердің саны 1,5 есеге артып, 17 мың бөлмеге жетеді деп жоспарланған.
Сондай-ақ Алматы қаласы Туризм басқармасының өкілі мегаполиске тек көрші мемлекеттерден ғана емес, алыс шетелден келетін туристердің саны артқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, АҚШ-тан келген туристердің саны өткен жылмен салыстырғанда 66,7% артқан.
– Қаламызда әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған туристер өте көп. Ұлттық статистика бюросы мәліметіне сәйкес, биыл жарты жылда Алматыға Ресей, Қытай, Үндістан, Түркия және АҚШ туристері жиі саяхаттаған. Тізімде көш бастап тұрған ресейлік туристердің үлес саны 35,9 мың, одан кейін Үндістан мен Қытайдан келген туристер тұр. Бестікті Түркия (8,6 мың) және АҚШ (4.9 мың) азаматтары қорытындылайды. Бұл қаламыздың халықаралық аренада танымал және беделді туристік бағытқа айналып келе жатқанын растайды, – деді ол.
Ақмарал Ещанова сөз соңында осы жылдың 1-тоқсанында туризм саласынан түскен салық 21,7 млрд теңгеге жеткенін атап өтті.