Электронды үкімет платформасына жасанды интеллект технологиялары енгізіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасын таныстырған Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров айтты, деп хабарлайды kaskelen.kz порталы.
«Су қауіпсіздігін қамтамасыз ету бөлігінде гидротехникалық құрылыстарды жөндеу мен жаңғыртуды, сондай-ақ тасқын суларды шоғырландыру жөніндегі технологияларды енгізуді қамтитын су тасқынын басқарудың интеграцияланған жүйесін әзірлеу жоспарлануда. Бұдан басқа, жеке инвестицияларды тарту үшін жаңа тетіктер мен ынталандырулар енгізілетін болады. Кәсіпорындарда суды үнемдеу технологияларын пайдалануды қосымша ынталандыру үшін тиісті шаралар кешені әзірленеді», – деді Нұрлан Байбазаров.
Оның сөзінше, цифрландыру желісі бойынша тиісті заңның қабылдануы есебінен жасанды интеллектті енгізу үшін құқықтық жағдайлар қамтамасыз етіледі.
«Цифрлық активтер мен майнингті нормативтік реттеуді жетілдіру жөніндегі жұмыс жалғастырылады. Электронды үкімет платформасына жасанды интеллект технологиялары енгізіледі. Ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның киберқауіпсіздік деңгейін арттыру мақсатында тиісті заңнамалық шаралар қабылданады. Келесі жылы Астанада Ұлттық жасанды интеллект орталығын ашу жоспарлануда», – деді министр.