Білім министрі Ғани Бейсембаев Қазақстан мектептерінде хиджаб кию туралы пікір білдірді, деп хабарлайды kaskelen.kz. Заңнама талаптарына сәйкес барлық оқушылар сабаққа мектеп формасында келуі тиіс екенін еске салды.
“Сіз мұны жақсы білесіз. Бұл білім алуға тең мүмкіндіктер беру аясында жасалады. Бұл тұрғыда ешқандай өзгеріс жоқ. Мектепке бекітілген формасымен бару керек”, – деп атап өтті министр.
Журналистердің мектепке хиджабпен баруға тыйым салынады ма деген сұрағына министр: “формаға қандай талаптар қойылады, солай болуы керек”, – деп жауап берді.
Ғани Бейсембаевтың айтуынша, ата-аналар мектепке барудың басты мақсаты – сапалы білім алу екенін түсінуі керек.
“Біз бұл мәселеден арылуымыз керек. Бала сапалы білім алуы керек, ата-аналар бұған заң бойынша үлес қосуы қажет және бәріміз заңға бағынуымыз керек. Біз конституция бойынша зайырлы мемлекетпіз. Сондықтан балалар мектеп формасында келуі керек. Бұл талап. Бұл тұрғыда ештеңе өзгерген жоқ”, – деп атап өтті Білім министрлігінің басшысы.