Ешқайда аударымдар жасамаған, ештеңе сатып алмаған болсаңыз да кенеттен шотыңыздан қаражат жоғалып кеткенін байқасаңыз, не істеу керек? Жоғалған ақшаңызды қайтарудың жолы бар ма? Банк ЦентрКредит бұл мәселенің шешу жолдарымен бөлісті, деп хабарлайды kaskelen.kz тілшісі.
Бірден дүрбелеңге салынып кетпей тұтынушы өзі жасамаған операцияның шынымен де алаяқтардың ісі екеніне көз жеткізуі керек. Ең дұрысы, мобильді немесе интернет-банктің жеке шотындағы соңғы ақпаратты тексеру қажет. Кейде тұтынушылар сынақ ретінде тегін қосылған, содан кейін ақылы болып кеткен қызметтер немесе автоматты төлемдерді өшірмейді. Егер мұндай жағдай орын алған болса, қажетсіз қызметтерді өзіңіз немесе қолдау қызметі арқылы өшіру қажет болады.
Қаражат өздігінен не үшін алынуы мүмкін?
Кейде қаражат техникалық ақауларға байланысты я болмаса тіркелмеген не кешігіп алынған төлемдер үшін алынуы мүмкін. Сондай-ақ комиссия жарнасы ұсталуы да ғажап емес. Мұнда тұрған ешқандай астыртын әрекет жоқ. Төлем жасау кезінде техникалық ақау орын алуы мүмкін, әдетте тұтынушы PIN-кодты немесе растау кодын екі рет енгізгенде ақша картадан екі рет алынып кетеді. Дегенмен банк мамандары мұндай құбылыстар сирек кездеседі дейді.
Ақша ұрланған жағдайда не істеу керек?
Әдетте банктің онлайн қосымшасы арқылы картаны бұғаттау қажет болады. Ал егер ақша шоттан шығарылған болса, банк бөлімшесіне барып, белгіленген үлгі бойынша жазбаша өтініш беру керек. Сондай-ақ ақша жоғалған жағдайда полицияға хабарласып, арыз жазу керек. Ары қарай банктен жауап күту керек. Егер ұрлық шетелде жасалса, күту мерзімі ұзартылуы мүмкін.
Алынған қаражатты қайтаруға бола ма?
Егер қаражат сот шешімімен немесе банк алдында қарызының болуына байланысты шоттан алынған болса, онда, әрине, бұл ақшаны қайтаруға болмайды. Ал ақша карта ұстаушының телефонына жіберілген растау коды арқылы шығарылған болса, мұны банк қайтара алмайды. Себебі құпия кодтарды ешкімге жариялауға болмайды, мұндайда ұйым қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін жауапкершілік арқаламайды.
Егер қолма-қол ақшаны алу кезінде банкоматтың өзінде ақау орын алса және ақшаны ала алмасаңыз, қолдау қызметіне қоңырау шалғаннан кейін ақша шотқа қайтарылады.
Осы ретте Банк ЦентрКредит шоттың жай-күйі мен қауіпсіздігін бақылаудың мынадай кеңестерін ұсынады:
- Жеке ақпарат пен тіркеу жазбасын қауіпсіздікте сақтаңыз.
- Аккаунт пен шоттың үзінді көшірмелерін үнемі бақылап жүріңіз.
- Сенімді, бірегей құпия сөздерді пайдаланыңыз және оларды жиі өзгертіп тұрыңыз.
- Екі факторлы аутентификацияны қосыңыз.
- Қоғамдық Wi-Fi немесе ортақ компьютерлерді пайдаланғанда абай болыңыз.
- Жалпы алаяқтық жүйелері мен әдіс-тәсілдері жөнінде хабардар болыңыз.
Қауіпсіздік шаралары
- Қаражаттың барлығын картада сақтамай, жинақ шоттарын пайдалануға болады. Ал егер сіздің картаңыз ұрланса, алаяқтар кіріс шотындағы ақшаны пайдалана алмайды.
- Шоттарыңызға кез келген уақытта қолжеткізу үшін банктің мобильді қосымшасын қолданыңыз.
- Шығындар мен төлемдер туралы хабарландыруларды қосыңыз (бағдарлама мүмкіндіктеріне байланысты SMS немесе push-хабарлама көмегімен).
- Қолма-қол ақша шығаруға және онлайн төлемдер жасауға шектеу қойыңыз.
- Карта PIN кодын үнемі өзгертіп тұрыңыз және оны ешкіммен бөліспеңіз, дүкенде төлем жасағанда немесе қолма-қол ақшаны алған кезде кодты қолыңызбен жауып тұрыңыз.
- Банк картасын қолданатын сайттардың қауіпсіздігі мен сенімділігін тексеріңіз.
Осы ретте Банк ЦентрКредит тұтынушылары үшін барынша қолдау бере алатынын атап өтті. Банк жасалған операцияның егжей-тегжейін диспут арқылы қарастырады. Операцияны жоққа шығаруға, ақша түскен тараппен байланысып, оны қайтаруға тырыса алады. Бұл ретте әрбір тұлғаның жағдайы ерекше екенін есте сақтау керек.