Жалға алу үлкен жауапкершілік пен қырағылықты қажет етеді. Себебі келісім шарт жасау кезінде қателіктер орын алуы мүмкін. Сонымен қатар ғимарат таңдауда да кәсіпкер қателік жібермеуі керек. Balbal.kz ғимаратты жалға алу кезінде көмектесетін кеңестерді назарыңызға ұсынады.
Ғимарат таңдау
Жалға алу үшін бос ғимарат не бөлме іздеу барысында абай болған жөн. Себебі дұрыс қабылданбаған шешім артық шығынға әкеп соғуы мүмкін. Кәсіпкер үшін әр шаршы метр пайда әкелуі тиіс. Келісім жасамас бұрын ғимараттың сіздің кәсібіңізге дәл келетінін анықтап алыңыз. Бизнесмендер арасында жиі кездесетін қателік – қажетті көлемнен үлкен ғимаратты жалға алу.
Бұдан бөлек, ғимараттың орналасқан орыны да маңызды. Кәсібіңіз үшін ыңғайлы деп тапқан жерден ғимарат іздеңіз. Мысалы, азық-түлік дүкенін көлік кіріп-шыға алмайтын жерден аштыңыз делік. Ғимараттың әдемі болуы маңызды емес. Егер тауар таситын жүк көлігі сіздің дүкеніңізге дейін жете алмаса, болашақта үлкен проблема туындауы мүмкін.
Қаржы мәселесін де естен шығармаңыз. Жалға алу құны табыс мөлшеріне сай болу керек. Сонымен қатар қосымша шығындарды да естен шығармаған жөн.
Егер жалға алынған ғимарат белгілі себептерге байланысты кәсіп жүргізуге келмесе, жалға алушы өзі жауап береді.
Келісім шартты тіркеу
Қазақстанда жалға алу мерзімі 1 жылдан төмен болса, келісім шартты тіркеу талап етілмейді. Егер келісім шартты тіркеу қажеттілігі туындаса, мына құжаттарды ұсыну қажет:
- Тіркеу жайлы өтініш;
- Жылжымайтын мүліктің құжаты;
- Өтініш берушінің жеке куәлік көшірмесі;
- Заңдық негізде көрсетілген өзге де құжаттар.
Келісім шартта қаралатын мәселелер
Келісім шарт дұрыс болуы үшін бірнеше мәселелер қарастырылуы тиіс. Олардың қатарында мыналар болады:
- Келісімнің пәні (жалға берілетін объект);
- Төленетін сомма;
- Мерзімі;
- Ғимараттың берілетін және қайтарылатын уақыты;
- Екі жақ ұсынатын өзге де талаптар.
Келісім шарт жасау кезінде барлық талаптар мен міндеттерді оқып, танысып шығыңыз. Заңнамаға сәйкес, келісімнің үш нұсқасы болуы керек. Олар: түпнұсқа мен екі көшірмесі. Сонымен қатар келісім пәні нақты жазылмаса, бұл сотта қабылданбауы мүмкін. Сондықтан ғимарат жайлы барлық мәліметті егжей-тегжейлі жазу қажет. Ғимараттың ауданы, бөлме саны, мекен-жайы жалға берілген объект туралы негізгі деректер болып саналады.