“Әкімдік қайда қарап жүр, неге қоқыс тазаланбайды?” Осы секілді арыз-шағым kaskelen.kz инстаграм парақшасына күн сайын келіп түседі. Әсіресе, жаз мезгілінде көшелерде, есік алдында бей-берекет тасталған қоқыстан жағымсыз иіс шығып, қоршаған ортаға қолайсыздық туғызып жатады. Қыста да, жазда да жиналмайтын қоқыс тақырыбы қашанда өзекті. Жылда солай. Қаскелең қаласындағы қоқыс мәселесін kaskelen.kz тілшісі зерттеп көрді.
Үй алдындағы қоқыс жәшіктерінің апталап тазаланбауы қаскелеңдіктерді қынжылтып отыр. Бұл мәселе қаланың барлық шағын ауданы мен жеке үй секторында кездеседі. Тау төбесіндей болып жиналған тұрмыстық қалдықтар қоқыс таситын жәшікке де сыймай, сыртына шашылып жатыр. Артылғаны мал-құстың жеміне айналып, көше жиегінде шашылуда.
“Қоқыс таситын машина келеді де жәшіктерді қорабына сыйғанша төгеді. Ал жанындағы жатқан қалдықтарды жинамайды. Серіктестікке хабарлассақ, біз тек жәшіктердің таза болуына ғана жауаптымыз деп тұтқаны қоя салады. Сонда өзіміз тазалауымыз керек пе? Мира қалашығында қашан көрсең де қоқыстан көз ашпайсың”, – деп жазады Сәуле есімді тұрғын.
Сондай-ақ Қойтас көшесінің тұрғындары да қоқыс мәселесін айтып, дабыл қағуда. Бір үй адам санына байланысты қоқысты тазалағанға 1000-2000 теңгеден төлейді екен.
Осы мәселе бойынша әкімдікке хабарласып көрген едік. Қала әкімі Асқар Өкенұлының айтуынша, “Тазалық” ЖШС бөлек, “Асыл Эко”, “Маск групп” компаниялары тазалық жұмыстарына жауапты екен.
“Бұл мекемелермен жұмыс келісімшарт негізінде жүзеге асырылады. Егер тұрғындар аталған мекемелердің үстінен шағымданса, қоқысты уақтылы әкетпейтін болса, СЭС пен экологиялық полиция айыппұл салады. Бәріне ортақ талап – қоқысты дер кезінде алып кету”, – деді ол.
Тасымалдаушы мекемелер кесте бойынша белгіленген көшелерде тасымалдап, оны қоқыс полигонына алып барады. Онымен қоса жаз мезгілінде дезинфекция жұмыстары да жүргізіліп тұрады. Бір сөзбен: тазалық үшін қыруар жұмыстар атқарылуда. Бірақ көзге көрінбейді.
“Маск групп” директоры Жәнібек Кенейбаевтың айтуынша, олар орталық көшелердегі қоқысты тазалайды. Атап айтсақ:
- Абылай хан көшесі (күніне 1 рет);
- Өмірәлиев көшесі (күніне 2 рет);
- Байғалиев көшесі (күніне 2 рет);
- Наурызбай батыр көшесі;
- Жанғожин көшесі;
- төменгі және жоғарғы трасса;
- Шамалғаннан Қаскелең шекарасына дейінгі аймақты белгіленген кесте бойынша тазаланады.
Одан бөлек, Жәнібек Кенейбаев қоқыс полигонына айналған 10 орын бар дейді. Ол жерді 2-3 күнде бір рет жинап отырады.
“Майса деген көшеде алаң бар. Сол жер қоқыс полигонына айналып үлгерген. Оны аптасына 2-3 рет тазалап тұрамыз. Тазалаған күннің ертеңінде таза болып тұрады. Одан кейінгі күні қоқысқа толады. Кімнің, қай уақытта үйіп тастағанын білмейміз. Түнде қоқыс төгеді-ау шамасы”, – дейді Жәнібек Кенейбаев.
Сондай-ақ, “Маск групп” директоры “Тазалық” ЖШС жұмысына көңілі толмайтынын айтты. Айтуынша “Тазалық” жауапты кей көшелердегі тұрғын үй қоқысын “Маск групп” тазалайды.
“Тазалық” жауапты кейбір нүктелерді біз тасып жүрміз. Мысалы Байғазиев көшесінің тұрғындарынан төлем соларға түседі, бірақ қоқысын біз тазалаймыз”, – деп шағымданды ол.
Шынымен де кейбір қала тазалығына бей-жай қарайтын тұрғындар әкімдік пен тазалыққа жауапты мердігер мекемелердің істеген қыруар жұмысын бір пакет қоқысты лақтырып кете салу арқылы жоққа шығара салады.
Айта кетейік, “Асыл эко” компаниясының өкілі Гүлзираның мәліметінше, олар сауда үйлеріне жауапты. Жеке сектор “Тазалық” ЖШС қарайды.
- Сауда үйлері;
- Сауда нүктелері;
- “Алатау ажары” (күніне 4 рет);
- “Эврика” сауда үйі (күніне 2 рет);
- Qaskelen resident (күнделікті) бекітілген кесте бойынша тазалау жұмыстары жүргізіледі.
Қалған коммерциялық ғимараттарды қоңырау бойынша тасымалдайды. Яғни, қоқысты алып кетіңдер деп өтінім тастаған күні барып тазалайды.
Мәселенің екінші жағы да бар. Коммуналдық мекемеге қарызы шаш-етектен тұрғындар қоқыс жәшіктерінің тазаланбауына бас ауыртпайды. Бұл туралы “Тазалық” ЖШС директорының орынбасары Динара Бейсбекова айтты.
“Мира қалашығын аптасына 3 уақыт тазалаймыз. Біз өзімізге шығын болса, бекітілген нормадан көп тазалаймыз. Мысалы аптасына 2 рет тазалау керек болса, біз күнделікті тасымалдаймыз. Қала тұрғындарының 70 пайызы берешек”, – дейді ол.
Қаланың тазалығына тек әкімдік жауапты емес екенін түйсінетін кез әлдеқашан жетті. Әсіресе көпқабатты үйлердің тұрғындары салғырттық танытпаса екен дейсің. Жалпықалалық сенбілік ұйымдастырылған кезде белсенді болса.
Десе де, тазалықпен айналысатын мекеме қызметкерлері ала таңнан қара кешке дейін тынбай еңбек етеді. +40 градус ыстықта, -20 градус суықта тазалық жұмыстарын жүргізу оңай емес. Осыны да ескерсек.
Қазір біреу әлеуметтік желіге өзгеше дүние салса, оны қайталап түсіру сәнге айналып, тренд аталып жүр емес пе? Тазалыққа қатысты да тренд керек секілді. Мәселен, швециялықтар “Плоггинг” деген жаңа тренд шығарыпты. Бұл спорт түрі өзіңізге де, өзгеге де пайдалы. Ол үшін бізге спорт киімі, қапшық және бастысы, ниет керек. Жүгіріп жүріп, жолыңызда кездескен қоқысты жинай бересіз.
Қазіргі уақытта «Плоггинг» Еуропа елдерінде кеңінен таралған. Әлеуметтік желілерде жасаған еңбегін осы “Плоггинг” хэштегі арқылы жариялап жатқандардың санында шек жоқ. Жалпы, оларда қоқыс тастау мәдениеті қатты дамыған. Қажетсіз заттарды сұрпына қарай әртүрлі жәшікке тастайды. Мәселен, пластикті бөлек, қағазды бөлек, тағысынтағы. Бұл болашақта қайта өңдеу жұмыстарына үлкен көмек.
Ал, Оңтүстік Кореяда тіпті қызық екен. Көшесінде қоқыс жәшігін таппайсыз. Қоқыс шашсаңыз, 300 мың вон, яғни, 100 мың теңгеге жуық айыппұл төлейсіз. Тіпті, ішкен суының құтысын олар өздерімен бірге алып, үйлеріне дейін апарып, арнайы орынға тастайды.
Мүмкін бізге де осындай қатал заң керек-ау. Әрине, сын айту орынды. Алайда сын “шын” болса ғана. Ал өзі қоқыс тастауға бала-шағасын жұмсап, ойын баласы ойынға айналып, қолындағы қоқысы көрінген жерде қалып, қоршаған ортаға зияны тиіп жатса, әкімдікке не мердігер компанияға кінә арту қаншалықты орынды деп ойланып көрдік пе?!
Бала былай тұрсын, кейбір ересек адамдар да үйінен шыққан бір пакет қоқысын тиісті контейнерге жеткізуге ерініп, есік алдына қойып кете салатыны жасырын емес. “Әкімдік қайда қарап жүр?” деп ұрандай бергеннен гөрі көз алдымыздағы кем-кетікті өзіміз де түзеуге атсалысып, ішкі мәдениетімізді көтеруге тырыссақ нұр үстіне нұр болар еді…