Оралдың 33 жастағы азаматы бүйрегін сатпақ болған. Сайт қызметкерлері оған жол жүру, электронды виза үшін 250 АҚШ долларын жіберген. Ол отаны Кения Республикасында жасауға келіскен, деп хабарлайды -kaskelen.kz ақпарат порталы Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, 30 шілде күні БҚО ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы адам органдарын сату әрекеті тоқтатты.
“Анықтау барысында Орал қаласының 33 жастағы А. есімді тұрғыны, отбасылы азамат вахталық әдіспен жұмыс істейді. Ақшалай қаражаттың жетіспеушілігіне байланысты ол өзінің бүйрегін сатпақ болған. Мамыр айында аталған азамат халықаралық интернет-сайтқа бүйрегін сататыны жайлы хабарландыру берген. Оған Telegram каналы арқылы сайттың қызметкерлері байланысқа шығып, ортақ мәмілеге келу арқылы құны 20 мың АҚШ долларын құрайтын отаны Кения Республикасында жасауға келіскен”, – делінген хабарламада.
2 ай бойы А. есімді азамат медициналық орталықтарда тапсырған талдау нәтижелерін Telegram каналы арқылы жіберіп отырған. Сайт қызметкерлері оған жол жүру, электронды виза үшін 250 АҚШ доллары көлемінде ақша жіберген.
“Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 116-бабы 1-бөлігіне сәйкес, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Айта кету керек, Қазақстанда органдарды сатуға тыйым салынады және трансплантациялау жасаудың жалғыз жолы – оның туысының өтеусіз қайырымдылығы немесе қайтыс болған адамның туыстарының келісімімен органды трансплантациялау”, – деді ведомство.
30 шілде күні полиция қызметкерлері аталған азаматты Алматы қаласындағы әуежайдың ұшу аймағынан ұстады. Одан әрі тергеу әрекеттерін жүргізу үшін азамат Орал қаласына жеткізіліп, ешқайда кетпеу туралы қолхат берілді.