Жасөспірімдер арасында танымал вейп шегетін болсаңыз, денсаулығыңызға мұқият болуыңыз керек, өйткені вейпинг қатерлі ісік ауруын тудыруы мүмкін екені шетелдік ғалымдар дәлелдеген. Massaget.kz тілшісі дәрігер-терапевт, Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ кардиологы Мадина Құдайбергеннен вейп шегу қаупі туралы және алғашқы белгілері қандай болатынын сұрады, деп хабарлайды kaskelen.kz порталы.
Кардиологтың айтуынша, өндірушілердің темекі шегу сияқты жаман әдеттен арылуға көмектесетіні туралы айтқандары шындыққа жанаспайды. Себебі, вейп кәдімгі темекі сияқты зиянды.
“Әдетте, өнеркәсіп иелері 1 ай бойы вейп шегу адамға темекі шегуден толық арылуға көмектеседі деп есептеп, осы құрылғымен темекіні тастауды ұсынады. Бірақ оның әсері басқаша. Ғалымдар жүргізген зерттеу нәтижелеріне сәйкес, вейп темекі сияқты зиянды. Вейп жүрекке, миға, өкпеге және бауырға теріс әсер етеді”, – дейді дәрігер.
Маманның айтуынша, дәл осы компоненттер, соның ішінде никотин адам ағзасына үлкен зиян келтіреді.
“Вейп құрамында никотин және көптеген концерогенді улы заттар бар. Вейпинг кезінде денеге никотин түседі. Никотиннің миға жетуі үшін 7 секунд жеткілікті болғанымен, ол қанда 2 сағат бойы айналады. Осы 2 сағат ішінде ол кумулятивті әсерге ие, никотин жинала береді, ал ұзақ уақыт бойы жиналатын никотин дененің торлы қабығында өзгерістер тудырады. Өз кезегінде торлы қабықтың өзгеруі қатерлі ісік ауруын тудырады”, – деп түсіндірді Мадина Құдайберген.
Сонымен қатар, адам ағзасында жинақталған никотиннің шамадан тыс мөлшері тыныс алу органдарының бірқатар ауруларын тудырады.