Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасы бойынша квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алуды жүзеге асыру тәртібін бұзғаны үшін әкімшілік жауаптылықты көздейтін баптың ведомстволық бағыныстылығы анықталды, деп хабарлайды kaskelen.kz порталы Антикордың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұған дейін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 207-1-бабында уәкілетті орган көрсетілмегендіктен, норма іс жүзінде қолданылмай келген. Қазір бұл функция Қаржы министрлігіне жүктелді.
Мониторинг нәтижелері
Агенттік мәліметінше, мемлекеттік сатып алу саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы кешенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Биылғы 5 айда сатып алуға бөлінген қаражат көлемінің 29 млрд теңгесіне қатысты күмәнді фактілер анықталып, оның 6,4 млрд теңгесі бюджетке қайтарылған. Қалған 22,6 млрд теңге көлеміндегі жоспар қайта қаралып, баға төмендетілген немесе тауар көлемі ұлғайтылған.
Салыстыру үшін: 2024 жылы 55 млрд теңгенің заң бұзушылығы анықталған болатын. Оның ішінде 26 млрд теңге бюджетке қайтарылып, 29 млрд теңгенің сатып алуы қайта қаралған.
Заң бұзушылықтар артып отыр
Сатып алудағы бұзушылықтар бойынша әкімшілік жауапкершілікке тарту жұмысы күшейтілді. 2024 жылы агенттік департаменттері 22 заң бұзу фактісін анықтаса, 2025 жылдың алғашқы кезеңінде олардың саны 95-ке жеткен.
Антикор сыбайлас жемқорлық белгілері бар фактілерді ішкі мемлекеттік аудит органдарына жолдап, олар әкімшілік хаттама жасаумен айналысады.
Заңнамаға өзгерістер
«Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа заң 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді. Онда агенттіктің бірқатар ұсыныстары ескерілген:
-
Қағаз форматындағы сатып алу алынып тасталды (ҚБП), тек құқықтық тәртіп пен ұлттық қауіпсіздік жағдайында ғана рұқсат етіледі;
-
Зияткерлік меншік объектілерін сатып алу шектелді, тек бәсекелестік жоқтығы дәлелденсе ғана мүмкін;
-
Сыбайлас жемқорлық үшін сотталған тұлғалар мемлекеттік сатып алуға қатыса алмайды.
Алдын алу шаралары
Агенттік азаматтардың шағымдарын ескере отырып, сатып алу жүйесіндегі тәуекелдерді алдын ала анықтау бойынша қосымша ұсыныстар дайындап жатыр.
Бұл ұсыныстарды жүйелі түрде енгізу үшін 2025 жылға арналған Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою жөніндегі Жол картасы әзірленіп, биылғы 6 наурызда Қаржы министрлігімен бірлесіп бекітілді.