Қазақстанда кәмелетке толмаған жолаушыларды ұшақпен тасымалдау ережелері нақтыланды. Көлік министрлігі ата-аналар мен әуе компанияларының назарын балаларды ұшыру кезіндегі басты талаптарға аударды, деп хабарлайды kaskelen.kz порталы.
Жас ерекшелігіне қарай тасымалдау тәртібі:
0–6 жас аралығындағы балалар тек ересек адамның еріп жүруімен ғана ұша алады. Ал 6 жастан 16 жасқа дейінгі жолаушылар ата-анасының жазбаша өтініші негізінде және әуе компаниясы арнайы сүйемелдеу қызметін ұсынған жағдайда ғана өз бетінше сапар шеге алады.
«Кәмелетке толмаған баланы алып жүру» қызметін пайдаланған бала рейс алдында тіркеліп, ұшақ ішінде қауіпсіздік талаптарына сай арнайы орынға жайғастырылады. Ұшақ қонғаннан кейін оны тек жеке куәлігі бар ересек адам қабылдап ала алады.
Сағат 23:00-ден 06:00-ге дейінгі аралықта балалар ата-анасынсыз немесе заңды өкілінсіз ұшаққа отырғызылмайды. Бұл талап ҚР «Баланың құқықтары туралы» Заңына негізделген.
Құжаттар мен рәсімдер:
Егер бала ересекпен бірге ұшса, оның туу туралы куәлігі және туыстықты немесе өкілеттілікті растайтын құжат болуы шарт. Ал жалғыз сапарға шыққан балалар үшін билет кемінде 5 күн бұрын брондалуы тиіс.
Билет бағасы мен орын беру тәртібі:
– Ересекпен бірге ұшатын 2 жасқа дейінгі балалар (бөлек орынсыз) тегін тасымалданады.
– Егер бала бөлек орынмен ұшса, 2 жасқа дейінгі жолаушылар үшін билет құны – қалыпты тарифтің 50 пайызы.
– 2 жастан 12 жасқа дейін (халықаралық рейстер) және 2 жастан 15 жасқа дейін (ішкі рейстер) ересекпен бірге сапар шеккен балалар да 50 пайыздық жеңілдікпен ұшады.
– Мұндай жолаушыларға жеке орын және багажды тегін алып жүру құқығы беріледі.
Министрлік ата-аналарға: «Бала тіпті тізеде отырып ұшатын болса да, оны билетке қосып, отырғызу талонын алу қажет» екенін ескертеді.