Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Қазақстанда ауыл шаруашылығы нашар дамығанын, сол себепті еліміз кейбір аспектілерде импортқа тәуелді екенін айтты, деп хабарлайды kaskelen.kz тілшісі.
Үкімет отырысында журналистер Жұманғаринге Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа елдермен салыстырғанда Қазақстанда азық-түлік бағасының не себепті қымбат екенін сұрады. Дәлірек айтқанда, ұнның құны 14% қымбаттаса, Ресейде 1,4% ғана өскен.
“Мұның бәрі елдегі ауыл шаруашылығының жай-күйіне, оның дамуына байланысты. Біздің үлкен мемлекет екенімізді және ауыл шаруашылығының нашар дамығанын түсінулеріңіз керек. Бізде өнім аз өндіріледі. Импортқа тәуелділік – бұл біздің нарық біреу үшін премиум екенін білдіреді. Өйткені бізге бұл тауарлар қажет. Плюс логистика. 2020, 2021, 2022 жылдардағы логистикалық дәліздер осал болды”, – деді Серік Жұманғарин.
Оның сөзінше, жыл басынан бері азық-түлік инфляциясы 1,9 пайыз болса, оның ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары небәрі 0,6 пайыз болған.
“Өткен жылдың екінші жартысы мен биылғы жылдың басы біздің көшбасшылыққа жақын екенімізді көрсетті. Біз қазір орташа деңгейде тұрмыз”, – деді Жұманғарин.
Ол Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер арасында инфляциясы Қазақстандағыдан жоғары елдер бар екенін айтты.
Еске сала кетейік, бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрі жұмыртқа бағасы өспейді деп уәде бергені туралы жазған едік.