Қазақ халқының сан ғасырлық тарихынан тамыр тартқан ұлттық ойындар қазіргі таңда балаларды тәрбиелеудің, тілін дамытудың, ой-өрісін кеңейтудің тиімді құралына айналды. Соңғы жылдары мектептерде асық ату, бес асық, садақ ату, тоғызқұмалақ сынды ойын түрлеріне арналған үйірмелер ашылып, ұлттық спорт қайта жанданып келеді.
Ұлттық ойын – халықтың рухани мұрасы
Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Гүлшат Рахметжанқызының айтуынша, ұлттық ойын – қазақ халқының тәрбиелік әлеуеті зор рухани байлығы.
– Балалар фольклоры – халықтың ғасырлар бойы жинаған тәлімдік қазынасы. Ұлттық ойын – сол мұраның мәйегі. Ол баланы танымдық, тәрбиелік, тұлғалық тұрғыда дамытатын құрал, – дейді ғалым.
Ғалымның айтуынша, ұлттық ойындар баланың тапқырлығын, шапшаңдығын, ойлау қабілетін дамытумен қатар, ұжымдық ойын кезінде дербестікке, ептілікке тәрбиелейді. Мәселен, ақсерек-көксерек, санамақ, қаламақ, соқыртеке, ханталапай, тоғызқұмалақ, асық ату – балаларға арналған ойын түрлері.
– Асық пен ақсүйек – мал сүйегінен жасалатын ойын. Демек, бұл – тұрмыс-тіршіліктен туындаған, дүниетанымдық сипаттағы тәрбие құралы, – дейді Гүлшат Бахтиярова.
Мектептерде ұлттық ойын үйірмелері ашылды
2018 жылдан бастап Ақтөбе облысында «Ұлттық мектеп лигасы» жобасы іске қосылды. Жоба аясында оқушылар асық ату, тоғызқұмалақ, бес асық жарыстарына қатысады. Жарыстар мектепішілік, аудандық, облыстық, республикалық төрт кезеңнен тұрады.
Ақтөбе облысы білім басқармасы «Ақтөбе – Дарын» өңірлік орталығының бөлім басшысы Қуатбай Дәрібаевтың айтуынша, асық ату жарысында арнайы кілемше жайылып, ортаға 13 асық тігіледі. 15 минут ішінде 8 асықты шеңберден шығарған ойыншы жеңімпаз атанады. Бұл ойын балалардың мергендігін, көз қырағылығын дамытады.
Бес асық ойынында үш қыздан құралған командалар жарысқа түседі. Ойыншы 13 тапсырманы орындап, көп ұпай жинауы тиіс.
Садақ ату да мектептерде кең таралған. Бастауыш сынып оқушылары 7 метр қашықтықта, жоғары сынып оқушылары 50 метрден нысана көздейді. Әр ойыншы 9 оқ атады.
Тіл дамытуда да ұлттық ойынның рөлі зор
Профессор Бахтиярова ұлттық ойындар тек спорттық сипатта ғана емес, дедактикалық – яғни оқыту құралы ретінде де тиімді екенін айтады. Санамақ, қаламақ, жұмбақ пен жаңылтпаш – балалардың тілін дамытып, есте сақтау қабілетін арттырады.
– Мәселен, қаламақ арқылы балалар командаларға әділ бөлінеді. Бұл – дау-дамайсыз, ұтымды тәсіл, – дейді ол.
Тоғызқұмалақ – халықаралық деңгейде мойындалған
Қазіргі таңда тоғызқұмалақты әлемнің 50-ден астам елі ойнайды. 7 мың жылдық тарихы бар бұл ойын баланы логикаға, сабырлыққа, стратегиялық ойлауға тәрбиелейді.
Айта кетейік, былтыр Х Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан ерлер құрамасы асық атудан жеңімпаз атанды.