Редакциямызға Қарасай аудаынан қарасты Жібек жолы ауылының тұрғындары көршілеріне көмек сұрап хабарласты. Айтуларынша, балалары болса зейнетақысын алуға ғана келетін көрінеді, деп жазады kaskelen.kz тілшісі.
Тұрғындар жіберген видеодағы апа мен ата жалғыз қараусыз калған. Балалары болса іздемейтін көрінеді.
“Бір ұл, бір қызы бар, тек келіп пенсияларын алып кетеді екен. Сұмдық жағдайлары, ата хал үстінде жатыр. Балаларынан бас тарту туралы қағазын жаздырып, қарттар үйіне орналастыру керек-ау. Әйтпесе обал болды. Айқайлап отырады күнде “көрші” деп, біз жұмыстамыз, күнде бара алмаймыз”, – дейді видео авторы.
Одан бөлек денсаулықтары да нашар екен. Жедел жәрдем қызметі келіп, дәрісін салып кетіп қалады. Жаны ашыған көршілері болса қарттар үйіне орналастыруға көмек қолын сұрайды. Айтуларынша, қариялардың да қалауы сол.
Осы бейнежазбаға байланысты құзырлы органдар да өз жауаптарын айтты. Әкімдік мәліметінше, қарттар үйіне орналастыру бойынша құзыреттілік аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне қарайды.
“Үйіне барып, заңға сәйкес түсініктеме жұмыстары жүргізіліп, сұрақты шешуге көмек көрсетіледі”, – делінген жауапта.
Одан бөлек, Жібек жолы ауылдық округінің әкімдігінің хабарлауынша, әкім орынбасары Д.Деменбаев және бас маман А.Уразымбетова, жетекші маман Л.Кусайынова қарияларға барып, анықтау жұмысын жүргізді.
“Бейнежазбадағы қариялар Тазабек Байсатбеков 1948 ж.т. және жұбайы Сауле Байсамбекова 1949 ж.т. қазіргі уақытта Жібек жолы ауылы, Самал көшесі №52 үй мекенжайында орналасқан жеке тұрғын үйде тұрады. Екеуі зейнетте. Қариялардың ұлы Малик және қызы Қарлығаш бар. Көршілері тарапынан жалғызбасты қарияларды қарттар үйіне орналастыру туралы хабарланған”, – делінген хабарламада.
Тексеру барысында үйде қариялар және қызы Қарлығаш болған екен. Қызының сөзіне қарағанда, әкесі Т.Байсатбеков қазіргі уақытта науқастанып қалған, дәрігерлер бақылауында, ауруханада ем алып тұрады. Ал анасы болса бұрын құймышағын сындырып, соның салдарынан өздігінен жүріп тұра алмайды. Қоларбаға сүйеніп қимылдайды.
“Қазіргі уақытта қарияларға қызы Қарлығаш тамағын беріп күтім жасайтынын әке-шешесі растады. Қызы Қарлығаш бөлек тұрады. Мектеп жасындағы балаларын мектепке жіберіп, басқа уақытта ата-анасының үйінде болады”, – деді құзырлы орган қызметкері.