Қазақстан ажырасу деңгейінен әлемде екінші орында тұр. Қазақ қоғамында жанұяның екіге айырылуы неге жиілеп кетті? «Бүгін LIVE» бағдарламасына қонақ болған әлеуметтанушы осы мәселені толық тарқатып, мән-жайын түсіндірді, деп хабарлайды kaskelen.kz порталы.
– Кейінгі жасаған сауалнамамызда біз азаматтардан ажырасуға деген көзқарасын сұрадық. Нәтижесінде, респонденттердің тең жартысы ажырасуға түбегейлі қарсы екенін білдірсе, қалған бөлігі мұны әркімнің жеке шаруасы деп есептейтінін айтты. Бұл зерттеу 2024 жылы жүргізіліп, оған 3 мың адам қатысты. Бұл – сандық зерттеу әдісінің нәтижесі. Ал сапалық зерттеу 2021 жылы өткізілді. Біз еліміздің жеті өңірінде тереңдетілген сұхбат жүргізіп, 64 респонденттің пікірін тыңдадық. Екі түрлі әдіспен жүргізілген зерттеулерде ажырасу себептері ұқсас болып шықты. Дегенмен айырмашылық та бар: сауалнамада бірінші кезекте ажырасуға себеп ретінде ерлі-зайыптылардың бірінің аддиктивті мінез-құлқы, соның ішінде маскүнемдік жиі айтылса, терең сұхбат барысында респонденттердің көпшілігі ерлі-зайыптылардың бірінің опасыздығын негізгі себеп ретінде көрсетті, – дейді Ақнұр Иманқұл.
Әлеуметтанушы отбасылардың бұзылуына ең басты себеп – қаржылық мәселелер екенін айтады.
– Жалпы, ажырасуға апаратын ең басты факторлар – әлеуметтік-экономикалық мәселелердің шешілмеуі, тұрғын үй проблемасы сияқты өмірлік қиындықтар. Ал сот мамандарының айтуынша, көп жұптар «өзара келісе алмадық» деген себеппен жүгінеді. Бірақ бұл формалды тұжырымның астарында түрлі жағдайлар жатады, – дейді маман.
Студия қонағы ажырасудың жиілеуі ел демографиясына да әсерін тигізіп, отбасы институтын әлсірететінін жеткізді.
– Ажырасудың көбейіп кетуі елдің демографиялық үрдісіне теріс әсер етеді. Ең бастысы – бұл балалардың тәрбиесіне, психологиялық дамуына зиянын тигізеді. Біздің зерттеулеріміз көрсеткендей, ажырасудан кейін ең жиі кездесетін салдар – ерлі-зайыптылардың бірінің депрессияға түсуі және әлеуметтік-экономикалық қиындықтардың күшеюі. Екінші кезекте – баланың психологиялық, тұлғалық дамуының бұзылуы. Ажырасу адамға қалай әсер етеді? Мысалы, сот процесі қалай өтті, ерлі-зайыптылар өзара мәмілеге келді ме, жоқ па, ажырасу жанжалмен өтті ме – осының бәрі баланың тағдырына ықпал етеді. Бұрынғы жұбайлар балаға қатысты шешімді келісіп қабылдай ма, әлде біреуі қарсылық білдіре ме? Әке баласымен байланыста қала ма, жоқ па? Өкінішке қарай, бізде алимент төлемейтін, баласын көруге құлықсыз әкелер де бар, – дейді ол.
Маман отбасылық қиындықтарды бастан кешіріп жатқан жұбайларға отбасын қолдау орталықтарына жүгінуге кеңес берді.
– Қазақстанда отбасын қолдау орталықтары бар. Жақын болашақта олардың санын көбейту жоспарланып отыр. Бұл орталықтарда әртүрлі бағытта кеңес беріледі, соның ішінде ажырасуға дейінгі консультациялар да бар. Егер ерлі-зайыптылар ажырасуға бел буса, психологқа барып, маманнан кеңес алуға мүмкіндік бар. Бірақ, өкінішке қарай, бұл қызмет туралы халықтың көпшілігі хабарсыз, – дейді студия қонағы.
Ақнұр Иманқұл Қазақстан ажырасудан әлемде алдыңғы орындарға жайғасқанымен, аса қорқатындай ештеңе жоқ екенін айтады. Себебі соңғы жылдары ажырасатын отбасылардың саны біртіндеп азайып келе жатқан көрінеді.
– 2019 жылы елімізде жалған ажырасу көбейіп, ажырасу коэффициенті 3-тен асып кеткен. Қазір бұл көрсеткіш төмендеп келеді. Ең жоғары деңгей 2019 жылы тіркелсе, қазіргі уақытта ол – 2,02. Кейбір дереккөздер Қазақстанды Мальдив аралдарынан кейін ажырасу деңгейі бойынша екінші орынға қояды. Бірақ бұл мәлімет салыстырмалы түрде қаралуы керек. Себебі Мальдив аралдарындағы ажырасу коэффициенті – 5,5, ал бізде – екі есе төмен. Айта кету керек, елімізде 2030 жылға дейінгі отбасы және гендерлік саясат тұжырымдамасы қабылданған. Бұл құжатта 2030 жылға қарай ажырасу деңгейін тіркелген некелер санына шаққанда 37,1%-ға дейін төмендету көзделген. Ал қазіргі кезде бұл көрсеткіш 30%-дан төмен, – дейді спикер.
Еске сала кетейік, былтыр 124 мың жұптың некесі қиылса, 61 жұп ажырасуға өтінім берген.