Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев өткен жылыту маусымының қорытындысын жариялап, алдағы кезеңге арналған көмірмен қамту шаралары туралы айтты, деп хабарлайды kaskelen.kz порталы.
Өндіріс көлемі өсті
Министрдің айтуынша, 2023 жылдың қорытындысы бойынша елімізде шамамен 110 миллион тонна көмір өндірілген. Оның ішінде:
-
халық пен коммуналдық-тұрмыстық секторға – 8,6 млн тонна;
-
энергия және жылу өндіруші кәсіпорындарға – 66 млн тонна;
-
өнеркәсіптік секторға – 6 млн тонна көмір жөнелтілді.
Сонымен қатар 30 миллион тонна көмір экспортқа шығарылған.
2024 жылдың алғашқы төрт айында 36,4 млн тонна көмір өндірілсе, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,3%-ға артық.
Жылыту маусымында жоспар артығымен орындалды
– «Өткен жылы жылыту маусымында коммуналдық-тұрмыстық сектор 7,9 млн тонна көмір тұтынады деп жоспарланды және барлық тұтынушы толық көлемде көмірмен қамтылып, жоспар 101 пайызға орындалған», – деді Ерсайын Нағаспаев Үкімет отырысында.
Көмір жеткізу тұрақты түрде ұйымдастырылды
Министрдің сөзінше, республикалық штаб, «Қазақстан темір жолы», жергілікті атқарушы органдар және көмір өндірушілердің бірлескен жұмысы нәтижесінде көмір ел бойынша тұрақты жеткізіліп отырған.
Қоймалар мен теміржол тұйықтарында қазіргі таңда шамамен 350 мың тонна көмір қоры бар.
– «2025–2026 жылдарға арналған жылыту маусымына көмірді үздіксіз жеткізу жоспары әзірленіп, жергілікті атқарушы органдарға, ҚТЖ және көмір компанияларына жолданды», – деді министр.
Ұзақ мерзімді келісімшарттар жасалуда
Көмір тасымалын үздіксіз қамтамасыз ету үшін «Қазтеміртранспен» бірлесіп, көмір компанияларына қажетті вагондармен қамтамасыз ету жөнінде ұзақ мерзімді келісімшарттар жасалып жатыр.