Қазақстандық мектептерде ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін жағдай жасалып жатыр. Қазір мектептердің 88%-да инклюзивті білім алуға мүмкіндік бар, деп хабарлайды kaskelen.kz порталы.
Биыл алғаш рет психологиялық-педагогикалық қолдаудың үш деңгейлі моделі енгізілді. Сонымен қатар ерекше қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеу үшін қолдау көрсету кабинеттері мен жеке бағдарламаларына жаңа талаптар әзірленді.
“Қазір білім беру мекемелерінде 60 мың бала психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамтылған. Бұл – әрбір баланың сапалы білімге тең қол жеткізуі үшін жасалған маңызды қадам”, — деп мәлімдеді оқу-ағарту министрлігі инклюзивті және арнайы білім беру департаментінің директоры Лаура Ботабаева.
Инклюзивті білім беру барысында әр балаға жеке қолдау көрсетіліп, бірегей қабілеттерін дамытуға және әлеуметтік сын-тегеуріндерге төзімділік танытуға көмектеседі.