Қазақстанда 196 мың шетелдік тұрақты тұрып жатыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында мәлім болды, деп хабарлайды kaskelen.kz.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитеті төрағасының орынбасары Ерболат Абулхатин елімізге пана іздеп келгендер мен босқындар туралы мәлім берді.
«2024 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша елімізде пана іздеген 368 адам және 310 босқын тұрады. Босқындар мен пана іздеушілердің басым бөлігі Алматы қаласында орналасқан. Осы орайда, ынтымақтастықты дамыту және кеңейту мақсатында Еңбек министрлігі мен БҰҰ Босқындар комиссиясы жөніндегі Жоғарғы комиссарының басқармасы арасында өзара түсіністік туралы меморандум жасалды», – деді Е. Абулхатин.
Еңбек министрлігінің мәліметіне сүйенсек, пана іздеушілердің 175-і Украинадан, 136-сы Ауғанстаннан, 19-ы Ресейден және 39-ы басқа елдерден. Ал босқындардың 213-ы Ауғанстаннан, 87-сі Украинадан, бесеуі ҚХР-дан, үшеуі Сириядан, сондай-ақ біреуі Өзбекстаннан келген.
Ішкі істер министрлігі Көші-қон қызметі комитетінің төрағасы Аслан Аталықовтың сөзіне қарағанда, биыл елімізге 10 млн 200 мың шетелдік сапарлап келген. Олардың көбісі ТМД елдерінің азаматтары (90%) саналады.
«Қазір елімізде 196 мың шетелдік тұрақты тұрып жатыр. Оның 42 мыңы этникалық қазақтар санатында. Шетелдіктердің көпшілігі Алматы мен Астана қалаларында және Алматы облысында орналасқан. Жыл басынан бері жарты миллионға жуық (476 945) шетелдік уақытша тұруға рұқсат алды, оның 90 пайызы еңбек ету мақсатымен», – деді А. Аталықов.