Оқу-ағарту министрлігі бала құқықтарын қорғау комитеті оқушылардың интернеттен теріс тәрбие алып, зиян шегуіне жол бермес үшін ата-аналарға бірқатар кеңес берді, деп хабарлайды kaskelen.kz тілшісі.
«Бала интернетте үй мекенжайы, телефон нөмірі, отбасы сынды жеке мәліметтерін бөліспеуі керек», — делінген комитет өкілдері таратқан мәліметте.
Сонымен қатар интернетте тағы не істеуге болмайды?
- Telegram, Вконтакте, TikTok желілеріндегі қауіпті топтарға (Синий кит, Тихий дом, Разбуди меня в 4.20, Млечный путь, Море китов, U19, F57, Беги или умри, Киты плывут вверх, F58, Рина, Ня.пока, 50 дней до моего… Красный дельфин, Союз нервных клеток, Honeymoon, Союз Ян және т. б.) кіруге;
- +16, +18 жазбалары бар әдебиеттерді оқуға;
- қауіпті онлайн ойындарды ойнауға (Schoolboy Runaway — stealth, GachaLife және т.б) болмайды.
Ата-ана баласының интернетте не істеп отырғанын бақылауы қажет. Ол үшін:
- Family Link (Android)
- Screen Time (iOS) бағдарламаларын пайдалануға болады.
Баланың әлеуметтік желідегі достары мен кімге жазылғанын қарап отырған жөн. Оған қоса баланың мінез-құлқына назар аудару керек, келесі жағдайлар қауіптің белгісі саналады:
- бала ерте жатса да ұйқысы қанбай жүруі
- денесінен кесілген, көгерген немесе басқа да жарақат байқалуы
- мұңлы музыка тыңдап, депрессиялық немесе агрессивті сюжеті бар видеоларды көруі
- өзімен-өзі оқшауланып, ашушаң болып кетуі
- мағынасы түсініксіз, қорқынышты символдардың немесе белгілердің суретін салуы.
«Ондай кезде бірден мектептің педагог-психологына, мектептегі ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығына, Балаларды психологиялық қолдау орталығына, Бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілге, 111 нөмірі арқылы балаларға арналған байланыс орталығына хабарласыңыз», — делінген ақпаратта.