Қайрат Боранбаев түрмеден босап шықты, деп хабарлайды kaskelen.kz порталы Ішкі істер министрлігінің қылмыстық-атқару жүйесіне сілтеме жасап.
ІІМ қылмыстық-атқару жүйесінің мәліметі бойынша, бас бостандығынан айыру жазасының өтелмеген бөлігі бас бостандығын шектеу түріндегі жазаға ауыстырылған Қайрат Боранбаев бүгін бас бостандығынан айыру орнынан босатылып, орнына тұрғылықты жері бойынша жазасын өтеу орнына өз бетімен барады.
“Мекеменің әкімшілігі сотталғанға пробациялық бақылауды есепке алу және жүргізу үшін пробация қызметіне келу бағыты мен уақытын көрсете отырып, жазасын өтеу орнына бару туралы бұйрық береді, оған оны сипаттайтын материалдар да жіберіледі”, – делінген ақпаратта.
Еске сала кетейік, 20 қазанда Боранбаевқа қатысты сот үкімі өзгеретіні белгілі болған. Сот Боранбаевтың өтінішін қанағаттандырып, жазаның өтелмеген бөлігі бас бостандығын шектеуге ауыстырған.
Бұған дейін сот үкімі бойынша Қайрат Боранбаев мемлекет мүлкін жымқырғаны үшін мүлкі тәркіленіп, 6 жылға бас бостандығынан айырылған еді.