Семейде сауда орталығы өртеніп, 2000 саудагердің тауары күлге айналды. Бутик иелері шығынның өтелуін кімнен сұрарын білмей жүр, деп хабарлайды kaskelen.kz порталы КТК арнасына сілтеме жасап.
Семей қаласында түнде сауда үйі өртеніп кеткен. Өртті өшіруге 350 адам мен 40-тан астам техника жұмылдырылған. Шамамен 4000 шаршы метр аумақ күлге айналды. Ал төңірегіндегі базарлар мен авто бекет жұмысын тоқтатып, көшелерде көлік қозғалысы шектелді.
Сауда орталығында нәпақасын тауып жүрген саудагерлердің тауары күлге айналды. Тіпті кейбір саудагерлердің айтуынша, 20 млн теңгенің заты түгелдей жанып кеткен.
“Сауда орталығында сауда жасағаныма 30 жыл болды. Бұл – біздің күнкөрісіміз. Бір үйімізге айналған. Міне, тақырға отырдық. Ал қаншама адам есінен танып жатыр. Психологиялық соққы алдық. Өйткені көбінде төлейтін несиесі бар. Енді ары қарай қалай күн көреміз?”, – дейді Энвира Байдалина.
Қарызға батқан жұрт шығынның өтеп берілуін кімнен сұрарын білмеуде. Олар несие алып киім-кешектерді Қытай мен Түркиядан тасымалдап отырған. Жергілікті билік оларға өзге сауда орталықтарынан орын тауып бермекші. Бірақ шенеуніктердің бұл жұбатуы жұрттың ашуына тиді. Орын тауып бергенмен, не сатып, қарыздан қалай құтыламыз, дейді саударгерлер.
Жалпы орталықтан 2220 адам сауда орнын жалға алып келген екен. Олар жаппай полиция қызметкерлеріне арыз түсіруде. Қазір өрттің шығуына кінәлі тұлғаны анықтау үшін 15 тергеуші жұмылдырылды.
“Бутиктердің бәрінде киімдер. Бәрі үлкен көлемде. “Ақшыңның” қабатының бәрі қара түтін болып толып кетті. Қызуы қатты болып, ошақтың басына өту өте қиын болды”, – дейді Семей ТЖБ бастығының орынбасары Қымбат Көпбаев.
Қазір сауда орталығынан шыққан өрт тежелді. Әйтсе де күлге айналған аумақ 7 мың шаршы метрге жетті. Мамандар өрттің неден тұтанғанын анықтап жатыр. Енді осы сараптамаға сәйкес, шығынға батқан саударгерлердің өтемақысы төленетіні, не төленбейтіні белгілі болады. Ал жергілікті билік жұрттың банктен алған несиесін төлеуді тоқтата тұруға өтініш жіберген.