Нарықтағы бәсекелестер, тауардың күрт қымбаттап кетуі, тұтынушылардың көңілі толмауы, құрылғылардың бұзылып қалуы – кез келген кәсіпте кездесетін қауіп-қатерлер. Осы және тағы да басқа сияқты кәсіптегі қауіп-қатердің қалай алдын алуға болатынын қазір сіздерге айтып береміз.
Бизнесте қандай қауіп қатер кездеседі?
Кәсіптегі қауіп-қатер – қаржылай шығынға, жұмыстың нашарлауына немесе компанияның жабылып қалуына әкелуі мүмкін қолайсыз жағдай. Қаржыгер Әйгерім Кариеваның сөзінше, кәсіпте оның бірнеше түрі кездеседі:
Сыртқы қауіп
Оған валюта бағамы мен пайыздардың өзгергені, елдегі немесе дүниежүзіндегі экономика дағдарысы жатады. Бұлар импорт және экспорт нарығындағы тауардың құнына әсерін береді. Сол кезде кәсіпкердің кәсібіне қауіп-қатер төнеді.
Заң қаупі
Елде салыққа қатысты заңдар өзгерсе, жаңа нормативтер қосылса, компанияның шығыны көбейеді. Бұған қоса компания басқа тараппен белгілі бір жағдайға байланысты соттасып жатыр делік. Оған да қаражат кетеді. Мұның бәрі заң тұрғысынан туындайтын қауіп-қатер болып саналады.
Операциялық қауіптер
Бұған көбіне күтпеген жерден болған оқиғалар кіреді. Мысалы, компания алып жүрген тауардың сапасының нашарлауы, компания кеңсесіндегі бір құрылғының сынып қалуы, тауардың уақытылы жетпеуі сияқты жағдайлар жатады.
Әлеуметтік қауіптер
Мысалы, сіздің мейрамханаңыз бар делік. Клиенттер мейрамханыңызда қазақша мәзірдің жоқ екенін байқап қалды. Кейін олар наразылығын білдіріп, сіздің кәсібіңізге байкот жариялауы, әлеуметтік желіде сын-пікірін жазуы, басқа адамдарды сіздің мейрамханаға бармауға үгіттеуі мүмкін. Осылай, кәсіптің клиент, қоғам алдында беделінің түсуін әлеуметтік қауіп деп атаймыз.
Қаржылай қауіп
Компанияның несиесін, қарызын дер кезінде төлемегеннен, табыстың тұрақсыз болғанынан және қаржы мәселесінен қаржылай қауіп туындайды.
Шағын және орта кәсіпте қауіп-қатердің кез келген түрі кездесуі ықтимал және олардың алдын алуға болады. Дегенмен кәсіпкер сыртқы қауіпке әсер ете алмайды, оған тек бейімделуі керек.
Кәсіпке қауіп-қатер төнгенін қалай білуге болады?
Әрбір кәсіпкер бизнесін бастамас бұрын түрлі қауіп-қатер болуы мүмкін екенін ескеруі керек. Әрине, ол барлық қауіпті алдын ала болжап отыра алмайды. Дегенмен, ішкі қауіптердің тізімін жасап, оны болашақта қалай шешетінін анықтағаны дұрыс. Тіпті осыған жауапты бір қызметкерді тағайындағаны жөн. Біріншіден, адам өзінің кәсібіне ұқсайтын басқа кәсіптің тәжірибесіне қарап, талдау жасауға тиіс. Екіншіден, қазіргі уақытта қай жағдай көбіне қауіп төндіріп тұрғанын түсінуі керек. Рейтинг жасап, ең әуелі кәсіпке қатты зиянын тигізетін қауіппен күресуі қажет. Үшіншіден, қажет жағдайда еш қысылмай, бұл саланы жақсы білетін маманнан көмек сұраған абзал. Төртіншіден, компаниядағы командамен бірге түрлі күресу жолын іздеу қажет.
Кәсіпкер айына бір рет SWOT талдау, яғни кәсіптің мықты әрі әлсіз тұстарын, мүмкіндіктері мен қателерін талдағаны абзал.
Қауіп-қатердің қалай алдын алуға болады?
Қауіп-қатерлерді алдын алудың 4 негізгі стратегиясы бар:
Қауіп-қатерлерді болдырмау
Мысалы, жеткізумен айналысатын серіктесіңіз үнемі тауарды кешіктіріп әкеледі. Мұндайда сіз тауарды жеткізетін басқа компаниямен жұмыс істеуіңізге болады. Осылай қауіп-қатерді болдырмайсыз.
Қауіп-қатерлерді қабылдау
Бұл әдіс зардабы мен зияны аз қауіптерге қатысты. Тауарды жеткізетін компания күтпеген жерден қажет компоненттің жоқ екенін, бірақ жақын арада толықтыратынын айтты. Бұл кәсіпкерге тұспал болады. Дегенмен кәсіпкер басқа жеткізушіні іздесе, одан да ұзақ күтіп қалады. Сол себепті мұндай жағдайда қауіп-қатерді жай ғана қабылдаған дұрыс.
Қауіпті азайту немесе бақылау
Серіктесіңіз өз жұмысын жақсы істейді, бірақ кей шарттарды бұзады делік. Мысалы, тауарды үнемі кешіктіріп жүреді. Бұл уақытта кәсіпкер оларға хат арқылы немесе қоңырау шалып, ескертіп отыруы керек. Осылай, қауіпті азайтады.
Шешімді басқаға беру
Компания қызметкерлерінің бір мәселені шешуге шамасы жетпесе, басқа мамандарға тапсырғаны жөн. Бұл кейде уақыт пен ақшаны үнемдеуге көмектеседі.