Жалпы декларациялаудың өткен кезеңдері аясында декларация тапсырған қазақстандықтар биыл кірістері туралы есеп беруге міндетті. 2024 жылы жалпы декларациялауға кім қатысады, kaskelen.kz тілшісі анықтады.
Қазақстанда жалпыға бірдей декларацияны жүзеге асыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Ел тұрғындары бұл жүйеге кезең-кезеңімен қатысып жатыр:
- 2023 жылдан бастап – мемлекеттік қызметшілер, оларға теңестірілген тұлғалар әрі жұбайлары (2022 жылдың қорытындысы бойынша);
- 2024 жылдан бастап – мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектор субъектерінің қызметкерлері және олардың жұбайлары (2023 жылдың қорытындысы бойынша);
- 2025 жылдан бастап – жеке кәсіпкерлер, заңды тұлғалардың басшылары әрі олардың жұбайлары (2024 жылдың қорытындысы бойынша) кірісі туралы декларация тапсыруға тиіс.
Бірінші жылы барлық кезеңнің қатысушылары 250 үлгісі бойынша активтер мен міндеттемелер туралы кіріс декларациясын тапсыруы керек. Бұл құжатта декларация тапсырушының қолындағы активтері, оның ішінде қолма-қол ақша, сонымен қатар оның қарыздары мен оған тиесілі қаражаты көрсетілуге тиіс.
Осылайша декларациялау жүйесіне қатысушылар 31 желтоқсандағы жағдай бойынша активтері мен міндеттемелерін тіркейді. Ал кейін олар жыл сайын жеке мүлкі мен табыс көздеріне байланысты өзгерістері жайлы ақпаратын ұсынып отырады.
Демек қазақстандықтар келесі жылдары 270 үлгісі бойынша барлық табысы мен мүлкі туралы декларация тапсыруға тиіс. Декларацияда азаматтар салық салынбайтын табыс көзі туралы, мүлікті сатып алу және иеліктен шығару жайлы әрі шетелдік банктердегі жеке шоттары туралы және тағы басқа ақпаратты ұсынуы қажет.
Алайда жүйеге неғұрлым көп адам кірсе, соғұрлым көп сұрақ туындайды. Бұл мәселеге байланысты сұрақтардың басым бөлігі Алматыдағы Freedom Broker Kazakhstan инвестициялық компаниясының ұйымдастыруымен жеке инвесторлар, кәсіпкерлер және тағы басқа жеке тұлғалар үшін өткен жалпыға бірдей декларациялау форумында талқыланған болатын.
Неліктен қарапайым азаматтар 270 үлгісін тапсыруға тиіс
Форум кезінде қонақтар арасында мынадай сұрақ қойылған: 2023 жылдың басында Қазақстан азаматы мемлекеттік органда жұмыс істеген болатын әрі жалпыға бірдей декларацияның екінші кезеңіне қатысушы ретінде 250 үлгісі бойынша кіріс декларациясын ұсынған.
Ал 2023 жылдың маусымында ол жұмысынан шығып, жеке кәсібін ашқан, яғни қазір ол үшінші кезеңнің қатысушысы. Бұл жағдайда қазақстандық “250 декларациясын 2024 жылы қайтадан тапсыруы керек пе, әлде 2025 жылы 270 нысанын дереу тапсыру қажет пе?
Бұл сұраққа Мемлекеттік кірістер комитетінің (МКК) өкілі Назим Дәулетпектегі жауап берді. Оның айтуынша, жалпы декларациялау жүйесіне кезең-кезеңімен қатысу кезінде декларацияның 250 үлгісі бір рет қана тапсырылады.
Бұл азамат екінші кезеңнің қатысушысы ретінде декларация тапсырып қойған, енді ол үшінші кезеңнің қатысушысы, бірақ ол декларацияның 270 үлгісін келесі жылы емес, биыл тапсыруы керек, себебі ол бұл жүйеге кіріп үлгерген.
Осыған ұқсас тағы бір сұраққа Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілі де тура солай жауап берді: мемлекеттік қызметші мен оның зайыбы кәсіпкерлікпен айналысады. 2021 жылдың бірінші кезеңінде олар 250 үлгісі бойынша кіріс декларациясын тапсырған еді. 2022 мен 2023 жылдары болса олар 270 үлгісін тапсырды.
Алайда 2024 жылы қазақстандық әйел мемлекеттік қызметтен кеткен болатын, ал оның күйеуі кәсіпкер, яғни олар биылғы декларациялау кезеңіне кірмейтін қарапайым азаматтар. Бұл жағдайда олар биыл декларация тапсыруға тиіс пе деген сұрақ туындайды.
Бұған дейін адамда ешқандай мәртебе болмағанымен, жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне енген қарапайым азаматтар келер жылдары 270 үлгісі бойынша кірістері мен мүлкі туралы декларацияны тапсыруы керегі хабарланған еді.
Еске сала кетейік, декларацияға қатысушылар 15 қыркүйекке дейін екі үлгі бойынша декларация тапсыруға тиіс. Ал Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері қазақстандықтардан бұл процесті ұзаққа создырмауды сұрады.