ҚР Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер орталығының бас ғылыми қызметкері, әлеуметтану ғылымдарының докторы Айгүл Забирова «Қазақстандықтардың достық байланыстары қаншалықты берік?» деген сауалға жауап іздеген зерттеу нәтижесін жария етті, деп хабарлайды kaskelen.kz порталы.
Алдымен сауалнама қатысушыларынан «Сіз тығыз қарым-қатынас жасайтын әрі маңызды мәселелерді еркін талқылай алатын қанша досыңыз бар?» деген сұрақ қойылған. Нәтижесінде, респонденттердің 68,5%-ы 2-ден 9-ға дейін досы бар екенін айтқан.
— Бұл көрсеткіш — достық байланыстардың жеткілікті кең ауқымды әрі белсенді екенін білдіреді, — деп жазады зерттеуші.
Зерттеу деректеріне сүйенсек, сауалнамаға қатысқандардың 31,6%-ы 3-4 жақын досы бар екенін көрсетсе, 35,2%-ы бес немесе одан да көп досымен тығыз араласатынын мәлімдеген.
— 10-нан астам досы бар респонденттер көбіне Түркістан, Қызылорда және Атырау облыстарынан шыққан. Ал 5 пен 9 досы барлар көбіне Астана, Қызылорда мен Ақтөбе облыстарында жиі кездеседі, — дейді Айгүл Забирова.
Респонденттердің 5,7%-ы мүлде жақын досы жоқ екенін, ал 9,3%-ы жалғыз досы барын айтқан.
— Бұл алаңдатарлық жағдай болғанымен, аса күрделі деп айту қиын. Мәселен, АҚШ немесе Жапония сияқты елдерде жалғыздық әлдеқайда кең таралған. Дегенмен, тек 0-1 ғана досы бар 15% респонденттің болуы әлеуметтік оқшауланудың, әлсіз әлеуметтік бірігудің немесе байланыстардың үзілуінің бар екенін аңғартады. Бұл мәселе әсіресе егде жастағы адамдар, мигранттар мен жұмыссыздар үшін өзекті. Бір ғана досы барын жиі айтқан — Жетісу, Алматы және Жамбыл облыстарының тұрғындары. Ал досы мүлде жоқ респонденттер көбінесе Жетісу, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында тіркелген, — дейді әлеуметтанушы.
Сауалнама нәтижесі бойынша, қатысушылардың шамамен үштен бірі (28,9%) 3-4 досымен айына кем дегенде бір рет кездесетінін айтқан. Мұндай жауаптар көбіне Шымкент, Ақмола және Павлодар облыстарының тұрғындарынан алынған. Ал 20,1% респондент айына бір рет 5-9 досымен жолығатынын мәлімдеген (Шымкент, Қызылорда, Павлодар, Ақтөбе, Абай және Батыс Қазақстан облыстары).
Респонденттердің 15%-ы 5-9 досының қолдауына сенетінін айтса (Шымкент, Маңғыстау, Атырау облыстары), 14%-ы 10 және одан да көп досынан қолдау алатынын жеткізген.
Сонымен қатар, 31% респондент 3-4 досынан көмек сұрай алатынын білдірген (көбіне Шымкент, Астана, Алматы қалалары), ал 20%-ы тек екі досына ғана сенім арта алатынын айтқан (Қарағанды, Қостанай, Шығыс Қазақстан және Астана қаласы). 11%-ы сенім білдіретін жалғыз досының бар екенін мойындаған (Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Жамбыл, Абай және Жетісу облыстары). Ал 8,7% респондент мүлде көмек сұрай алатын досының жоқ екенін көрсеткен. Жалғыздықты ең жиі сезінетіндер — Жетісу, Ұлытау, Қарағанды және Ақтөбе облыстарының тұрғындары.