Қазақстанның инвестициялық жобалары жалпыұлттық пулында 769 жоба тіркелген. Ондағы инвестициялардың жалпы құны 34,3 трлн теңгеге бағаланған, деп хабарлайды kaskelen.kz тілшісі.
Сауда және инвестициялық саясат жөніндегі сарапшы Ернар Серік атап өткендей, кейбір жобалар белсенді іске асыру сатысында емес.
Қазірдің өзінде 48 пайызында құрылыс-монтаж жұмыстары атқарылып (367 жоба) жатыр. Ал 40 пайызы құжаттаманы дайындау сатысында (310 жоба). 3 пайызы (26 жоба) бойынша әлі де қаржыландыру іздестіріліп отыр. Қалған 9 пайызы (66 жоба) іске қосылды.
Жобалар саны бойынша алда тұрған өңірлер
- Астана — 2,3 трлн теңгені құрайтын 123 жоба;
- Шымкент — 432 млрд теңгенің 62 жобасы;
- Жамбыл облысы — 2,6 трлн теңгенің 49 жобасы;
- Қызылорда облысы — 956 млрд теңгенің 48 жобасы;
- Солтүстік Қазақстан облысы — 755 млрд теңгегенің 46 жобасы.
Жобалардың саны бойынша аутсайдерлер — жаңадан ашылған Ұлытау, Жетісу және Абай өңірлері, сондай-ақ Ақтөбе, Қарағанды облыстары сияқты өнеркәсіптік дамыған өңірлер.
Инвестор елдер арасындағы көшбасшылар
- Қазақстандық инвесторлар — 18,7 трлн теңгені құрайтын 621 жобаны қамтыды;
- Қытай — 3,1 трлн теңгенінің 35 жобасы;
- Ресей — 5,9 трлн теңгенің 31 жобасы;
- Түркия — 1,6 трлн теңгенің 30 жобасы;
- БАӘ — 2,2 трлн теңгенінің 7 жобасы.
Ернар Серіктің сөзінше, жобалардың өңірлер бойынша біркелкі бөлінбеуі елдің негізгі индустриялық аймақтарына инвестиция тартудағы жүйелі проблемаларды байқатып отыр.
— Айқын бәсекелестік артықшылықтарға қарамастан, Ақтөбе және Қарағанды облыстары инвестициялық жобалардың саны бойынша аутсайдерлердің қатарынан көрінді. Бұл жергілікті билік пен даму институттарының жеткіліксіз белсенділігінің, сондай-ақ инвесторлардың өздері үшін тартымды жағдайларды көрмегенінің белгісі. Жағдай өзгермесе, экономикалық әлеуеті жоғары өңірлер бәсекеге қабілетті позицияларын жоғалту қаупі бар, — деп жазды сарапшы.
Оның айтуынша, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы жобалардың салыстырмалы түрде көп болуы бұл өңірлердің белсенді түрде дамып, инвестициялық тартымдылық жағынан қарқын алып жатқанын байқатты.
— Пулдағы қазақстандық компаниялардың басым болуы отандық бизнестің дамып келе жатқанын аңғартады. Дегенмен, шетелдік инвесторлар арасында Қытай, Ресей және Түркия өкілдерінің басым болуы ел экономикасына негізінен Қазақстанмен тұрақты саяси байланыстары бар мемлекеттер инвестициялайтынын айқын көрсетті. Еуропа мен АҚШ инвесторларының елеулі үлесінің болмауы олардың сақтығын, яғни осы елдердің жоғары тәуекелдерге ерекше назар аударып отырғанын білдерді. Ұзақ мерзімді перспективада бұл жағдай біржақты тәуелділік қаупін тудырады және батыстың жаңа технологиялары мен озық басқару стандарттарына қол жеткізуді шектейді. Сондықтан бұл жағдай әртараптандырылған бағыттан капиталды тартуға қатысты стратегияны қайта қарауды талап етеді, — деді Е. Серік.