Бокстан КСРО еңбек сіңірген спорт шебері Серік Нұрқазов Алматыда ес-түссіз жоғалып кетті. Полиция бұл дерек бойынша іздестіруді бастады, деп хабарлайды kaskelen.kz.
“Қоғам” жедел әрекет ету жасағының өкілдері Instagram-профилінде Алматыда әйгілі спортшы Серік Нұрқазов жоғалып кеткені туралы ақпаратты жариялаған болатын.
Ер адам 14 желтоқсанда үйінен белгісіз бағытқа шығып кетіп, қайта оралмаған. Оның басында сұр қалпақ, үстінде капюшоны бар көк күрте, ақ жемпір, қара джинсы болды. Нұрқазовтың шашы ақ және сақалы бар екені айтылады.
Жарияланымда туған күні 1959 жылы 4 қазан деп жазылған.
ҚР Ұлттық олимпиада комитетінің ресми сайтындағы ақпаратқа сәйкес, Серік Төкенұлы Нұрқазов Қарағанды облысында дүниеге келген:
- бокстан КСРО еңбек сіңірген спорт шебері;
- 1983 жылы Римде өткен Әлем кубогының күміс жүлдегері;
- 1981 жылы Тамперада өткен Еуропа чемпионатының қола жүлдегері;
- 1983 жылы Варнада өткен Еуропа чемпионы;
- КСРО-ның бірнеше дүркін чемпионы.
Алматы қалалық ПБ өкілдері KAZ.NUR.KZ тілшісіне қазіргі уақытта Медеу ауданының полиция басқармасы осы факт бойынша іздестіру ісін жүргізіп жатқанын хабарлады.
“Жоғалған адамның қайда екенін анықтауға және оның отбасына оралуына бағытталған жедел-іздестіру шаралар кешені жүргізілуде”, – делінген қалалық ПД хабарламасында.