Биыл ақпанның соңында Оңтүстік Кореяда дәрігерлер ереуілге шығып, 10 мыңнан астам маман жұмысынан кетті. Себеп ретінде «салада оқитын студенттер санын көбейту шешіміне наразылық» айтылғанымен, шындығында ақ халаттылар жалақының аздығына да шағымданған секілді. Ел билігі қанша талап қойғанымен, жұмысынан кеткендердің тек 5 пайызы қызметіне қайта оралған. Жалпы, қазір әлемде қай мемлекетті алсақ та дәрігер тапшылығына бас қатыруда. Қазақстанда да сала мамандармен 100 пайыз толықпай отыр.
Ақ халаттылар қауіпсіздігіне алаңдайды
Денсаулық сақтау министрлігінің 2023 жылы қазанда мәлім еткен дерегіне қарасақ, елімізде орташа дәрежедегі мамандарды есепке алмағанда 3,9 мың дәрігер жетіспейді. Салыстыра кетсек, кейінгі 9 жылда тапшылық деңгейі айтарлықтай азаймай отырғанын байқаймыз. Мысалы, 2015 жылы – 4 мың, 2018 жылы – 3,1 мың, 2020 жылы – 4,2 мың, 2023 жылы – 3,9 мың дәрігерге қажеттілік болған. Демек, әр жылдары 3-4 мың шегінде құбылады. Ал медицина сарапшысы Әкім Тұрсұн елдегі дәрігер тапшылығына бір емес, бірнеше фактор теріс ықпал етіп жатқанын айтады.
– Біріншіден, медицина мамандарының жетіспеуіне жалақы факторының әсері бар. Мемлекеттік емханаларда жалақының көп емесі рас, сондықтан білімді кадрлар табысы жақсы жекеменшік клиникаларға ауысады. Екіншіден, мамандар әлеуметтік пакетпен қамтамасыз етілмеген. Жас кадрлар тұрғын үймен бас ауыртады. Ал «Дипломмен ауылға» секілді бағдарламалардың нәтижесі аз болды. Аудан орталығына, елді мекенге барған дәрігерлерді жергілікті әкімдіктер баспанамен қамти алмай жатты. Биылдан бастап қана ауылдарға барған дәрігерлерге 8,5 млн теңгені құрайтын бір реттік төлем берілмек. Әрине, бұның бәрі әкімдіктердің қаржысына келіп тіреледі. Оған алдын ала есеп жүргізіп, әзірленгендері абзал. Үшіншіден, оқуын аяқтаған жастардың басым бөлігі қалада қалуды құп көреді. Өзіміздің де басымыздан өткен, болашағын аймақтармен емес, орталықпен байланыстырады, – деді маман.
Сонымен қатар сарапшы ерекше дүниеге зер салдырды, қазір дәрігерлердің көбі өзін толыққанды қауіпсіз сезінбейді. Бұқаралық ақпарат беттерінде дәрігерлер мен мейіргерлерге күш көрсетіп, денсаулығына зақым келтірген оқиғаларды бірнеше рет ұшыратқанымыз жасырын емес. Тіпті, шақыртумен келген маманға науқастардың суық қарумен шабуылдаған кездері де бар.
– Медицина мамандарын ерекшелейтін статус жоқ. Пандемия кезінде оларды бағалағандай болдық. Алайда қазір көріп жүрміз, ақ халаттыларды ұрып-соғу оқиғалары жиіледі. Көбі қылмыстық емес, әкімшілік жауапкершілікпен құтылады. Дәрігерлерге де ішкі істер органдарының немесе әскери қызметшілер секілді ерекше статус берілер болса, қорғай алар ма едік. Бірақ дәрігерлердің құқығын қорғайтын заң қабылданбай тұр, әлі талқыланып жүр, – деп толықтырды Әкім Тұрсұн.
Маман атанған жастар қайда кетіп жатыр?
Дәрігерлер тапшылығын сөз еткенде жыл сайын мыңдаған жастар тәмамдап шығып жатқан жоғары оқу орындарын елемей өте алмаймыз. Оқуын аяқтаған жас мамандар қайда жоғалуда? Денсаулық сақтау министрлігі былтыр аса тапшы мамандықтардың орнын толтыру үшін 6 мың білім беру грантын бөлген. Жалпы, 2023 жылы жоғары оқу орнын аяқтап, 7 мың адам дәрігер атанып шығыпты. Оның 3 мыңнан астамы әр өңірдегі емханаларға жұмысқа орналасқан. 601 маманға қосымша үстемақы төленсе, 384 қызметкер тұрғын үймен қамтылып, 74 дәрігерге қолдау көрсетіліпті. Осыдан-ақ жоғарыда айтылған әлеуметтік пакеттің жетіспей тұрғанын байқауға болады.
Сонымен, дәрігер атанған жастардың көптігіне қарамастан тапшылық неліктен азаймады? Кейде сарапшылар елдегі медицина саласында буын алмасу жүріп жатқанын тілге тиек етеді. Егде жастағы білікті кадрлар зейнетке шығып, тәжірибесі толыққан жастардың жетіспей жатқанын алға тартушылар бар.
– Оқу орындарын аяқтап жатқан жас мамандар көп. Бұған дейін жұмыс істеген дәрігерлердің көбі қаржылық мәселелерге байланысты жұмысын ауыстырды немесе саласын өзгертті, егде тартқандары зейнетке аттанды. Қанша жерден жас мамандар көп болса да, тапшылық лезде жойыла қоймайды. Бұл – ақырын жүретін процесс. Оның үстіне медицинаға оқу гранты бөлінерде демографиялық өсімді ескерген жөн. Халық көбейген сайын тапшылық та артады. Қазіргі талапқа сәйкес, медицина саласында грант негізінде оқыған жастар кемі 3 жыл дәрігер болып жұмыс істеуге міндеттеледі. Бұл мамандарды ұстап тұруға сәл болса да әсер етпек. Дегенмен 3 жыл өте шығады, ал тиісті мерзімінде жұмыс істеген соң кейбірі саладан кете салуы мүмкін, – дейді Әкім Тұрсұн.
Көбіне медицина саласындағы жоғары оқу орындары грант негізінде білім алған жас мамандардың 90 пайыздан астамы жұмысқа орналасқанын алға тартады. Бірақ сарапшы сөзінен аңғарсақ, жастар жұмыс істеуге міндеттелген мерзімін аяқтаған соң өзге саланың тізгінін ұстап кететін тәрізді. Осылайша тапшылықтың орны толмайтындай көрінеді. Тағы бір дерек, 2017-2020 жылдар аралығында 3,5 мың дәрігер шет елдерге қоныс аударған.
Егер орташа дәрежедегі мамандарды есепке қосатын болсақ, Қазақстан 9 мың ақ халаттыға зәру. Көрші Ресейге 93 мыңға жуық, ал кәрі құрлық елдеріне 2 млн маман жетіспейді, соның ішінде Германияда тапшылық көп – 400 мың шегінде. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2030 жылға қарай жер жүзінде 15 млн медицина маманы тапшы болатынын болжаған.